9 ән, 9 бейнебаян: Ерке Есмахан өнерге қайта оралды

Қазақстандық танымал әнші, “Қайда?”, “1001 күн” хиттерінің орындаушысы Ерке Есмахан жанкүйерлеріне жағымды жаңалығын жеткізді. Өнер иесі алты айдың ішінде 9 ән жазып, оларға 9 бейнебаян түсірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әншінің айтуынша, үш жылдық декреттік демалыстан кейін шығармашылыққа қайта оралуына жұбайы RaiM қолдау көрсеткен. Ол Еркенің үлгілі келін әрі аяулы жар ғана емес, халықтың сүйікті әншісі екенін айтып, өнерін жалғастыруға жігерлендірген.
“Жаным, жарқырап жүріп әніңді айт”, – деген ол жұбайына.
Ерке Есмахан жаңа музыкалық альбом әзірлеген. Ол 9 ән жазып, әрқайсысына жеке бейнебаян түсірген. Әншінің сөзінше, бұл ауқымды әрі тыңғылықты жұмысқа жарты жыл уақыт кеткен.
Оқыңыз
“Жақында. Менің орындауымдағы “Дауыс” әні”, – деп жазды өнер иесі.
Әріптестері Ақбота Керімбекова, Ақерке Бүркітбай, Гүлназ Жоланова, Ayree, Гүлнұр Оразымбетова және өзге де өнер жұлдыздары Еркенің жаңалығына қуанып, оған қолдау білдірді.
Жанкүйерлері де жылы лебіздерін жаудырды.
“Жарқырай бер, жаным!”, “Жұбайының әйелін қолдағаны қандай керемет”, “Күйеуінің осындай үлкен қолдау көрсетуі сүйсіндіреді”, “Міне, салауатты қарым-қатынас деген осы. Сүйіктісін үйде жасырып ұстамай, керісінше, онымен мақтанып, еркіндік береді”, – деп жазды желі қолданушылары.
Еске салайық, бұған дейін Ерке Есмахан жарты жыл бойы жасырған құпиясын ашқаны хабарланған еді. Ол кейінгі алты ай бойы жасырын түрде жұмыс істеген үлкен жобасын аяқтағанын айтты.
Өнер иесінің айтуынша, ол осы уақыт ішінде атқарған жұмысы туралы ешкімге тіс жармай, жобаның нәтижесін соңына дейін құпия сақтауға тырысқан.
“Алты айлық үлкен еңбектің нәтижесі жарыққа шығатын күн де жақындап қалды. Осы уақытқа дейін бұл жұмыс туралы ешкімге айтпадым, немен айналысып жүргенімді де көрсетпедім”, – деп жазды әнші.
"Ұлымды ұрды, заттарын жоғалтты": Алматылық ана ұлының "Жаңа Ұрпақ" лагерінде қорлық көргенін айтып берді