80 мыңнан төмен: Қазақстанда кейбір жұмысшылардың жалақысын екі есе көтеру ұсынылды
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова денсаулық сақтау, оқу-ағарту саласындағы ең ауыр жұмыстарды атқаратын жұмысшылардың айлық жалақысы төмен екенін айтты. Оның сөзінше, еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электриктің жалақысы мардымсыз, жұмысы ауыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: кадрдан скрин
Ол мектептердегі еден жуушы 82 856 теңге, электрик 81 575 теңге, аула сыпырушы 79 317 теңге алатынын тілге тиек етіп, еңбек ауырлығына байланысты бағалануы керек деп пікір білдірді.
“Тек орта білім саласында 261 мыңнан астам осы санаттағы жұмысшылар бар. Олардың 254 мыңының қолына тиетін айлық жалақысы 74 мың теңгеден 85 мың теңге аралығында.
Білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріндегі орта және кіші буын мамандары мен қызметкерлердің еңбекақысын кемінде екі есеге көтеру қажет деп санаймыз. Атқаратын жұмысының күрделілігіне, ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай лайық жалақы тағайындалуға тиіс деп есептейміз. Себебі жалақы әлеуметтік жағдайды, күнкөріс деңгейін, денсаулығына және балаларын өсіп-жетілдіруге жеткілікті болуы шарт. Әлеуметтік әділдік заманында жұмысы ауыр, еңбегі адал жұмысшылардың жалақысы артуы қажет”, – деді ол.
Ақтөбеде мектептегі еден жуушының жұмыстан қуылғанын жазған журналисті соттамақ
Сондай-ақ депутат еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электрик санатындағы жұмысшылардың еңбек демалысына төленетін төлем мөлшеріне сауықтыру жәрдемақысын қосу мүмкіндігін қарастыру керек екенін айтты.