80 жастағы күйеуімен тұңғышын күтіп жүрген әйел жұртты таңғалдырды

“Махаббат жасқа қарамайды” деген тұжырымды жиі естуші едік. Ал күйеуі әйелінен 39 жасқа үлкен дегенді ше? Ел пікіріне назар аудармайтын 41 жастағы Эсти Гусен мен оның 80 жастағы күйеуі Антон жақында ұлды болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Mirror.co.uk-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Күйеуінен 39 жас кіші әйел адамдардың сыны мен ауыр пікірлеріне қарамастан, бақытты өмір сүріп жатқанын айтты. Жұп алғаш рет 2008 жылы Лондонда танысқан. Антон ол жаққа концерт қою үшін барған, ал Эсти gap year кезінде киім дүкенінде күзетші болып жұмыс істеп жүрген. Эсти Антонның концертіне барып, сол жерде танысады. Кейін екеуі де Оңтүстік Африкадағы Гансбаай қаласымен байланысты екенін біліп, араласа бастайды. Эсти күйеуінің жасы неге адамдар үшін соншалық маңызды екенін түсінбейтінін айтады.
“Өмірде ешнәрсе алдын ала кепілдендірілмеген. Жас кезінде жол апатынан көз жұмған достарым бар. Жас пен уақыт – салыстырмалы нәрсе. Болашақта оған көмектесетін, қамқор болатын, жақсы көретін адамдар болады”, – дейді Эсти.
Олар Facebook арқылы байланысын үзбей, Эсти туған қаласына оралған соң махаббаттары басталған. Тоғыз жылдық қарым-қатынастан кейін үйленгенін ашық айтты. Сондай-ақ Эсти жұрттың олардың бір-біріне деген қамқорлығын, махаббатын байқамайтындарына ашулы.
“Көп адам Антонды “қиын мінезді” немесе “үнемі ренжіп жүретін адам” деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде ол мүлде олай емес. Ол жаңа нәрселерді үйренуге құштар, өте білімді әрі сөздік қоры бай адам”, – дейді Эсти.
Қазір олар ұл бала күтіп жүр. Антонның бұрынғы некесінен екі ересек қызы бар, ал бұл – оның тұңғыш ұлы болады. Эсти үшін бұл алғашқы сәби. Бастапқыда олар жүктілік туралы жаңалықты тек жақындарына айтқан. Алайда 2026 жылғы наурызда Антонның 80 жас мерейтойында Эстидің жүкті екенін жасыру мүмкін болмай қалған. Ол болашақта бала тәрбиесімен қатар, Антонға да қамқорлық жасайтынын айтады. Себебі күйеуінің созылмалы көз құрғауы ауруы бар, сондықтан ол үнемі көз тамшыларын және қара көзілдірігін бірге алып жүреді.
Қазір жұп шамамен 140 жылдық тарихы бар балықшы үйінде тұрады. Үйдің жоғарғы қабатына жаңа музыкалық студия салынып жатыр. Жұптың үйінде Пампунтье Поккелпенси мен Янтье Харлекинтье атты екі француз бульдогы және Тау есімді Джек Рассел терьері бар. Антон қазір ұлының дүниеге келуіне дайындалып, үйді жөндеумен айналысып жүр.
“Біз балаға Моцарт тыңдатқымыз келеді. Бірақ оның міндетті түрде музыкант болуы шарт емес. Не регбиші, не Manchester United футболшысы болуы да міндетті емес”, – дейді ол.
Жұп әлі сәбиге ат таңдамаған. Бірақ Антон бір нәрсеге сенімді:
“Ұлымды қолына гитара ұстатып өсіремін”, – дейді ол күліп.
Антон қанша қартайса да, аяғынан тік тұратынына сенімді. Себебі болашақта ұлымен крикет пен футбол ойнауды армандайды. Оның жаңа өмірі мен үміті – дүниеге келетін сәбиі.
"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты
Оқыңыз