Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"700 мыңдық тауарым 12 мыңның сағаты болып шықты": Алматылық студент қаржы пирамидасының құрбанына қалай айналғанын айтты

Алматыға арман қуып оқуға келген 18 жастағы бойжеткен бір жыл бұрын QNET қаржы пирамидасының құрбанына айналған. Университет қабырғасында танысып, дос болған құрбыларына алданып қалған студент қыз қиын жағдайға тап болғанын отбасынан жасырып келген. Алаяқтар арбауына қалай түскенін, қаржы пирамидалары қолданатын айла-тәсілдер жайлы ол Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

к-нет

Алматылық студент Гүлнұр (Кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді)

Семейлік Гүлнұр (кейіпкердің есімі өзгертілген) Алматыдағы белді университеттердің бірінде оқиды. Ол студенттік шағын пайдалы әрі қызықты өткізу үшін барынша белсенді болып, университет қабырғасындағы ұйымдарға мүше атанады. Алайда оқу қиынға түсіп, келесі оқу семестрінде шәкіртақысынан айырылған. 

Айтуынша, барлық мәселелер осы кезден басталған. Отбасына ауыртпашылық салмас үшін жас қыз жұмыс іздеген. Алғашында ол дәмханада кассир, даяшы қызметтерін атқарған. Бірақ жұмысты оқумен қатар алып жүру қиындық туғызғанын, физикалық тұрғыда шаршайтынын тез түсінген. Ол осы жұмыстарынан шығып, басқа жерден қаржы табудың жолдарын қарастырады.

 

“Компания туралы интернеттен іздеме” деді

Кейіпкердің сөзінше, оның студенттік ұйымда танысқан қос құрбысы болған. Тіпті топтастарынан гөрі осы екі ару Алматыдағы жақынына айналып үлгерген. Гүлнұр кәмелет жасына толған соң бірден әлгі екеуі оған жұмыс ұсынады.

"Бір жұмыс бар, өзіміз үйретеміз, бірге жұмыс істейміз" деді. Бірақ қандай жұмыс, не істейтіндерін жасырып, айтпай қойды. "Барғанда көресің" деп қызықтырды", – дейді ару.

18-ге енді толған қыз құрбылары мен жұмыстың барысымен таныстырған ер адамға сеніп, әр сөзін ықыласпен тыңдағанын айтады. 

"AliExpress сияқты тауар сататын компания деп түсіндірді. Әр тауардан бонус пен жалақы беріледі деді. Алғашында күдіктеніп тұрғанымда, құрбыларымның біреуі үш ай, екіншісі төрт ай істеп жүргендерін айтып, пайда таптық дегесін сене бастадым. Тіпті интернеттен іздеме, тек құрбыларыңмен кеңес дегендеріне құлақ асып, басқа ешкіммен ақылдаспаппын да", – дейді ол.

Гүлнұрға компанияға кіру үшін белгілі бір тауар алу керек екені ескертілген. Қомақты қаржысы жоқ бойжеткенді құрбылары несие алуға көндіреді. Өйткені олардың өзі де 3 миллион теңге, екіншісі 2 миллион теңге несие алған екен.

"Банктен 1,5 миллион, одан кейін бір миллион теңге сұраттық, бірақ бермеді. Ақырында 700 мың берілді. Сол сомаға QNET-тің порталы арқылы алтын сағатқа тапсырыс бердім. Екі аптада келеді дейді. Әрі қарай мәз-мейрам болып, жұмысқа кіргеніме қуанып, оқыту кезеңінен өттім. Сол жерде жетістікке жеткен, табысқа кенелген дегендерді әкеліп, кездесу ұйымдастыратын", – дейді қаржылық пирамиданың құрбаны.

Оның айтуынша, оқыту кезеңінде күмән тудыратын нәрселер байқалған. Ол нақты бір жұмыс істемейтінін, тек адам тартумен айналысатынын ұға бастады. Бірақ жанындағы екі қыз оның ойын өзгертіп, күмәнін сейілтіп жүрді.

Ару жұмысына өз атына есептелетін таныстарын кіргізбек болған кезде, олардың бірі мұның қате екенін айтады.

"Группаласымды презентацияға шақырдым. Ол бұл пирамида туралы бұрыннан білетін болып шықты, оның басқа танысы қаржылық пирамиданың құрбаны екен. Маған ұрысып, дұрыс емес жолда екенімді түсіндірді. Сол кезде көзім ашылғандай болды. Сол сәттен "шығам, болды, ақшамды қайтарыңдар" деп құрбыларыма айттым", – деді Гүлнұр.

Қымбатқа алған тауар арзан сағат болып шықты

Екі аптада келеді деп тапсырыс берген сағаты жұмыстан шығып кеткеннен кейін бір жарым айда жеткен. Сағатты сатып, несиемді жабамын ғой деп алаңсыз жүрген қыз мұның ешқандай бағалы әшекей емес екенін білгенде оңбай алданғанын түсінеді.

"Сатуға шығарып, тексертсек, 700 мыңға алған қымбат сағатымыз 12 мыңға бағаланып тұр. Әрең дегенде, бір ай жүріп, 20 мыңға алатын адамды таптық", – дейді кейіпкеріміз.

Бойжеткен сағатты қайтарып алуды мақсат еткен. Себебі ол көп нәрсені түсіндіре алды дейді.

 

Бізге де ақша табу керек...

Шәкіртақымды қайтарамын, ақша тауып, жұмыс істеймін деген қыз енді мойнына несие арқалады. 

Осы тұста аталмыш қос құрбы байланысқа шықпай, із-түссіз жоғалған. Бірақ кейін бір құрбысының қарыздарынан құтылу үшін жұмыс істеп жүргенінде оқудан шығып қалғаны белгілі болыпты. Ару жұмыс істеген кеңсесіне барып, жұмыс жайлы түсіндіріп берген жігітке ренішін айтады. 

"Неге өтірік айттыңдар?" дегенімде, "бізге де ақша табу керек қой" деді. Өйткені төрт-бес адам кіргізіп, олар да адам кіргізсе, 450 мың теңге бонус беріледі екен. Ал ең жоғары тұрғандар одан да көп алады", – дейді жас қыз.

Алданған студент несиесін жабу үшін жақындарынан достарынан қарыз ала бастаған. Бірақ ата-анасына айтуға бата алмапты. Себебі ол әулетінің ең үлкені, үміт күткен перзенті болғандықтан, көңілдерінен қалдырудан қорыққан. 



Ата-анама өтірік айттым...

Оқу кезеңі аяқталған кезде бойжеткеннің анасы хабарласып, ауылға оралуын сұрайды. 

"Жазда бір іспен айналыссын, бос жүрмесін деп, әкем тырнақ мастері оқуын оқытты. Маникюр жасауға қажет заттардың бәрін өзі алып берді. Бұл іске икемім болғандықтан, клиенттер ағыла бастады әрі өзім де арзан бағаға жасайтынмын. Үш аптада 60 мың теңге тауып, несиемнің келесі айын жаптым",  – дейді бойжеткен. 

Тапқан табысы несие жабуға кетіп жатқанын жасыру үшін ата-анасына "менің қолымнан келмей жатыр, сапасыз жасайтын тәріздімін" деп алдайтын.

"Ата-анам "ақшаң қайда?" дегенде, "маған клиент келмей жатыр" деп өтірік айтатынмын. Өтірігім үшін іштей қынжылып, өзімді жаман сезінемін. Достарымнан да қарыз алып, сүйкімім кеткендей болды", – дейді ол.

Алматыға оқу оралған бойжеткен қайтадан жұмыс іздеуге бекініп, ҰБТ-ға дайындайтын орталыққа оқытушы болып кіреді. Бірақ мұнда "нәтиже шығармадың" деп бір айлық жалақысы берілмеген.

"Анам Алматыға келген. Бірдеңе сезді ме, әйтеуір, "неге мұңдысың?", "неге бетіме тура қарамайсың?" деп сұрай берді. Ал мен осы қылығым үшін өзімді олардың алдында кінәлі сезінемін", – деді ару көзіне жас алып.

 

"Келісімшартсыз жұмыс істеме"

Студенттік шағында алданған қыз нақты міндеттемелері және келісімшарты жоқ жұмыстарға жоламауға кеңес берді.

"Жаңа ортаға келгенде, бәріне бірдей сеніп кетуге болмайды. Адам шақырту керек деген талабы бар жұмыстарға жоламаңыздар. Өйткені ол не желілік бизнес, не қаржылық пирамида, одан да нақты істеу керек талаптары, міндеттері бар ресми жұмыс істеген жөн", – деді ол.

Өрімдей қыз ай сайын 57 мың несие төлеп жүр. Айтуынша, несиенің бәрін үш айдан соң толық жауып бітеді. Оның оқиғасын жақындары әлі күнге дейін білмейді. 

2022 жылы мамыр айында Q-NET компаниясына ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету бойынша қылмыстық іс қозғалды. 220-дан астам адам компанияға арызданған. 

Талқылау