"70 мың айлыққа өмір сүру қиын": Шымкентте күзетшілер жалақының аздығына шағымданды
Шымкенттегі мектептер мен балабақшалардың күзетшілері жалақының аздығына шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан алынды
Айтуларынша, олар бір мекемеде үш, тіпті төрт адам болып жұмыс істеп, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз еткені үшін бар болғаны 70 мың теңге алады. Ал жаңа жылда жалақы өсімі күтілмейді.
"Күзетшілер жұмысқа шықпаймыз деп жатыр. Ақшасы аз. Оған қоса мың оқушыдан асқан мектептер 2 пост қою керек. 1 күзетші ары-бері тексеріп үлгермейді. Мектеп аумағын қарауымыз керек, ішкі бақылау керек. Үлгермейді. Ал 70 мың айлыққа мына күнде өмір сүрудің өзі қиын", – деді күзетші Сағындық Жұмалинов.
Шымкент қауіпсіздік агенттігінің қызметкерлері келесі жылы күзетшілердің жалақысы көтеріледі деп күткен. Алайда биыл ашық конкурста әр мектеп айына 267 мың теңге бөлген. Ал келер жылға бұл қаржы одан да қысқарып кетіпті. Агенттік өкілінің айтуынша, 250 мыңнан асатын теңгені 3-4 адамға бөліп беру керек. Алайда оған мемлекеттен бөлінген ақша жеткіліксіз.
"Білім ошақтарының қауіпсіздігіне 250 мың теңге бөлінген. Бұл ақша мектеп пен балабақшаны күзететін үш-төрт күзетшіге бөлінеді. Сонымен қатар біз бұл қаражатқа салық төлеуіміз керек. Сондай-ақ қызметкерлерге форма мен құрал-жабдық сатып алуымыз керек. Әрқайсысының жалақысы 70 мың теңгеге жуықтайды екен. Бұл ақшаға ешкім жұмыс істегісі келмейді", – деді Шымкент күзет қауымдастығының төрағасы Уәлихан Адаев.
Қалалық әкімдік басшысының айтуынша, күзет органдарына жылына бір мектепке 3,5 млн теңге бөлінеді. Мемлекеттік тапсырыс конкурс негізінде шығарылады, ең төмен бағаны ұсынған адам жеңімпаз атанады. Бұл ретте келесі жылға қызмет көрсету құны өткен жылға негізделген.
"Күзет органдарының өкілдерімен бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша әзірге бір ғана мәселеге келістік: мен өз тарапымнан бөлім басшысы ретінде мемлекеттік сатып алулар басқармасындағы әріптестеріммен, заңгерлермен, білім беру ұйымдарының басшыларымен бұл мәселені жан-жақты талқылаймын. Екі жаққа да ұнайтын ортақ пікірге келеміз деп сенемін", – деді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.
Қауіпсіздік агенттігі қауымдастығының мәліметінше, мектептер мен балабақшаларды көбінесе зейнеткерлік жастағы адамдар мен зейнеткерлер, бұрынғы тәртіп сақшылары күзетеді. Жастар мұндай жалақыға жұмыс істемейді.