6 жасар балаларды балабақшадан шығару мерзімі өзгереді — министр
Қазақстанда балалардың балабақшаға бару кестесі қайта қаралатын болады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жыл сайынғы дәстүрлі конференция кезінде айты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Сурет: qazaquni.kz
«Министрлігіміз мектепке дейінгі сапалы білім беруге қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастырады. Елбасының тапсырмасы сәйкес, 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап балаларды ерте жастан дамыту бағдарламасы енгізілетін болады. Дәл қазір екі жастағы балаларды қамту мәселесі өзекті болып отыр. Өздеріңіз білетіндей, 3-6 жас дедік. Алты жастағы балалардың көбісі 1-сыныпқа барып жатыр. Сондықтан 2 жасар балаларды қамту мәселесін көтеруіміз қажет», - деді министр Асхат Аймағамбетов Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан конференция кезінде.
Сондай-ақ, минитср балалардың балабақшаға бару кестесін қайтару қажеттігіне тоқталды.
«6 жасар балаларды балабақшадан мамыр айынан бастап шығару тәжірибесін тоқтату керек деп санаймыз. Балалардың балабақшаға бару уақытын тамыз айына дейін ұзартып, соңғы айларда мысалы бес жасар және мектеп алды даярлық топтарын мектепке дайындау үшін пайдалану керек. Бұл тарапта арнайы бағдаламаны әзірлейміз», - деді ведомство басшысы.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін «Білім және ғылым» конференциясы кезінде мемлекет басшысы мұғалімдер жалақысын екі есе арттыруды тапсырды. Сондай-ақ, Білім министрі Асхат Аймағамбетов 2021 жылы әліппенің қайта оралатынын мәлімдеді.
Атап өтсек, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан дәстүрлі шараға еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңнан астам ұстаз қатысуда. Олардың қатарында мектеп, колледж бен жоғары оқу орындарының оқытушыларымен қатар ата-аналар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар.
Жиын барысында білім және ғылым саласындағы өзгерістерді басқару мәселелері талқыға салынып, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылуда.