"Бұл бағдарламаны алып тастау қажет": Жеңілдетілген автонесие алу тиімді ме және оған қалай өтініш беруге болады?
Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы былтыр мамыр айында басталды. Оны іске асыру үшін екінші деңгейлі банктерден 100 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 12 мыңнан астам автомобиль сатып алынды. Автокредиттің орташа мөлшері 8 миллионға жуықтады. Биыл да 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие беру науқаны жалғасады. Ол үшін арнайы платформа жасалған. Stan.kz тілшісі жеңілдетілген көлік несиесінің биылғы талаптарын біліп, мамандардан бағдарламаның тиімділігі жайлы сұрады.

Автонесие тиімді ме?
Экономист Мақсат Халық жеңілдетілген автонесие бағдарламасын мүлдем алып тастау керек дейді.
“Жеңілдетілген автонесие арқылы 10 миллион теңгеге сапалы көлік алу мүмкін емес. Менің ойымша бұл бағдарламаны алып тастау қажет. Өйткені оның ешқандай пайдасы жоқ. Тек қана халықтың арасында шу шығарып, наразылығын тудырғаннан басқа бағдарламаның ешқандай пайдасы болып жатқан жоқ. Ол несиені алудың өзі оңайға соқпай жатыр. Тізім қайтадан өшіріліп, қайта жасақталады деген дүниелер өте көп.
Оның барлығы сол салада болып жатқан сыбайлас жемқорлықпен байланысты деп ойлаймын. Басында көліктер жеткіліксіз болды, банктер қаржыландыруға дайын болмай шықты. Кейін банктер дайын болды, бірақ көлік жетіспеді деген сияқты өте көп кедергілер болды. Мен мұндай жобаны қолдамаймын. Себебі көп адамды қамтамасыз етпейді. Бұл жерде мәселе жеңілдетілген автонесие беріп, көліктерін жаңартсын деген ой жатқанын білеміз. Бірақ, ондай көлік жаңарту мәселесіне ешқандай әсерін тигізіп жатыр деп айта алмаймын”, - деді Мақсат Халық.
Оның сөзінше, бағдарлама оң нәтиже беріп жатқан жоқ.
“Өзіміздің автоөндірісті қолдаймыз деген мәселе бар. Бірақ, оның астарында банктерге ақша тарқату және қолдау процесі жатыр. Шын мәнінде еліміз халықты автокөлікпен қамтамасыз етеміз десе, оның басқа да себеп-салдарын терең зерттеуі керек”, - дейді Мақсат Халық.
Ал экономист Ғалымжан Керімбек керісінше, жеңілдетілген автонесие халық үшін өте пайдалы деп санайды. Себебі қазіргі уақытта автокөлік табыс көзіне айналған. Оның сөзіне қарағанда, көлік арқылы жеткізу қызметтерімен айналысып, табыс тауып жүрген азаматтар көп.
“Бұл несиені берудегі басты мақсат - халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру. Азаматтар экономикалық қаржылық сауаттылықты арттыру керек. Табыс көзі ретінде көлікті алатын болса құба-құп. Мемлекет бұл бағдарлама арқылы ұтылмайды. Себебі несие өтелмеген жағдайда көлікті қайтарып ала алады. Жақсы көлік алу үшін несие көлемін арттыруға да болады. Дамыған мемлекеттерде көлікті 5 жылға дейін ғана пайдаланады. Біз ондай дәрежеге әлі жеткен жоқпыз. Бірақ, табыс көзі бар азаматтар үшін бұл бағдарлама тиімді”, - дейді Ғалымжан Керімбек.
Ал кейбір сарапшылар нарықтық экономикада мұндай несиенің берілуін қолдамайды. Тұрмысы жақсы және жағдайы төмен азаматтар да несие алуға мүмкіндігі болғандықтан, кредиттің мақсаты белгісіз дейді.
“Менің ойымша бұл несие тұрмысы төмен және орта деңгейлі азаматтарға берілуі керек. Бірақ, елімізде азаматтарды деңгейге бөлетін жүйе жоқ. Сондықтан бұл несиелеу тек машина жинаушылардың пайдасына кетіп жатыр деп ойлаймын”, - дейді сарапшы Ернар Серік.
Сонымен қатар автонесиені қолдайтындар да бар. Автокөлік сарапшысы Олжас Оқас жеңілдетілген автонесиенің пайызы төмен болғандықтан, халыққа тиімді екенін айтты.
“Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы халыққа өте тиімді. Өйткені мөлшері 4 пайызды ғана құрайды. Былтыр елдегі инфляция 20%-дан асты. Сондықтан бұл автокредит емес "бөліп төлеу" секілді болып отыр. Дегемен бірқатар мәселе бар. Револьвер жүйесімен жұмыс істейтін бағдарламаға қосымша қаржыландыру жетіспейді. Ай сайын 10 миллиард теңге бөлінсе, жақсы еді. Қазір есеп бойынша ай сайын 100 шақты машина сатылады деп жоспарланған”, - деді Олжас Оқас.
Сарапшының сөзінше, Қазақстанда 10 миллион теңгеге сапалы көлік алу мүмкін емес.
“Бағдарлама шарты бойынша несиеге Қазақстанда жасалған немесе құрастырылған көліктер ғана беріледі. 10 миллион теңгеге дейін сапалы машина алу мүмкін емес. Жақсы көлік алам деушілер бұл қаражаттың үстіне қосымша ақы төлеп алуына болады. Банкпен келісімшартқа қол қоюға ешкім мәжбүрлемейді. Біз капитализмде өмір сүреміз. Кредит алу-алмау бұл әркімнің өз таңдауы. Аталмыш бағдарлама дамыған елдерде бұрыннан бар. Тек біздің елде бұл механизм енді қолға алынған”, - деді сарапшы Олжас Оқас.
Платформа қашан іске қосылады?
Платформа мақсаты – бір уақытта ақшаның да, автокөліктің де болуын қамтамасыз етіп, барлық процестің ашық болуы үшін әзірленген. Сайтта өтінім берген кезден бастап автокөлікті алғанға дейін онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беріледі. Сайт пилоттық режимде 6 ақпанда Астана уақыты бойынша сағат 10:00-де autonesie.kz арнайы сайтында іске қосылады.
Сайт арқылы қанша адам өтініш бере алады?
Несиенің ең шекті бағасы – 10 миллион теңге. 6 ақпанда 760 адам платформада тіркеле алады. Тіркелген адам саны 760-қа жеткен кезде сайт автоматты түрде жабылады. Дегенмен платформа ай сайын жұмыс істейді. Яғни ақпанда тіркеліп үлгермеген болсаңыз, келесі айда платформаға тіркелуге алады. Болжам бойынша, ай сайын 100 орыннан беріледі. Ай сайын тіркелу үшін алдын ала ақпарат жарияланады.
Өтінім беру үшін не керек?
- Интернетке қосылған компьютер;
- Электронды цифрлы қолтаңба;
- Компьютерге NCALayer қосылуы керек;
- Платформаға тек Қазақстанның ішінде тіркелу қажет.
Сайтта өтініш берген кезде деректер автоматты түрде ЭЦҚ арқылы жүргізіледі. Өтініш беруші міндетті түрде тек телефон нөмірін енгізіп, автоөндірушіні таңдап, өтінімге қол қоюы қажет. Өтінішнің тіркелгенін сайттағы "Жеке кабинет" арқылы тексеруге болады. Өтінішті бергеннен кейін автоөндірушіні өзгерту мүмкін емес.
Жеңілдетілген автонесиеге өтініш берудің шарттары қандай?
- Автокөліктің құны 15 миллион теңгеден аспайды;
- Несие сомасы 10 миллион теңгеден аспайды;
- Бастапқы жарна - 0 пайыз;
- Қаржыландыру мерзімі 10 жыл;
- Сыйақы мөлшерлемесі - 4 пайыз.
Автонесие қандай банктер арқылы жүзеге асырылады?
- "Қазақстан Халық банкі" АҚ;
- "Forte Bank" АҚ;
- "Банк ЦентрКредит" АҚ;
- "Еуразиялық Банк" АҚ.
Кімдер өтініш бере алмайды?
- Бұған дейін бағдарлама аясында автонесие алған азамат;
- Платформада өзекті өтінімі болған азамат.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді