"500 мың теңгені менсінбейді": Маңғыстаулық блогер Роза коучтың лекциясына қарсы шықты
Танымал блогер, коуч Роза Әшірбаеваның Маңғыстау облысындағы сапарынан дау шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/rozaashirbayeva/
Маңғыстаулық кәсіпкер, блогер Бибігүл Рамазан коучтың қымбат гонорар алатынын сөз етті.
“Розаны әйелдерге қаржы сауаты туралы айт деп былтыр шақырдық. Бір спикер болғанына 500 мың теңгені менсінбеді. Гонорар көп сұрайды. Ал бірақ Розаның “Заманауи қазақ әйелі” деген әңгімелері кейде жақсы емес. Мұндай тақырыпта сөйлейтін адамды Маңғыстауға шақыруға қарсымыз! Роза “Келін құл емес!” деген әңгіме айтады. Өңірдің идеологиясына жауапты басшы назарға алуын сұраймыз! Маңғыстаудың әйелдеріне кездесу керек емес”, – деп ашуланды жергілікті тұрғын.
Одан кейін коучтың желіде келін мен ененің қарым-қатынасы туралы айтқанынан да дау туған еді.
“Ене – екінші анаң деген түсінік қате. Заң алдында да, ененің ешқандай туыстық қатынасы жоқ. Әйелге заң алдында тек ата-анасы, бауырлары, заңды күйеуі, бала-шағасы ғана туыс болып есептеледі. Ене – бөтен адам, осыны түсіну керек. Қазақта енені тек жан-жарымның анасы деп сыйлаған. Осы түсініктен тайқымайық. Токсик енемен бірге тұруға болмайды. Қатқан нан жесең де, қара су ішсең де, олай өмір сүруге болмайды. Бұл сенің өміріңді құртады”, – деп кеңес берген еді коуч.
Фото: https://www.facebook.com/bibramazan
Еске салайық, әнші Индира Расылхан коутың ақыл-кеңесінен кейін ажырасып кеткен отбасын айтқан еді.