Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

5 облысқа су басу қаупі төніп тұр - Төтенше жағдайлар вице-министрі

Бүгін үкімет отырысында төтенше жағдайлар вице-министрі елдегі су тасқыны жағдайы күрделі екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Министр орынбасарының сөзінше, батыс аймақтарда су аздап төмендеген. 

“Орталық, солтүстік және шығыс бөліктерінде керісінше өзен деңгейі жоғарылағаны байқалады. 5 облыс су басу қаупі төнген аймақта тұр, әкімдіктер жергілікті 20 төтенше жағдай жариялады. 

Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы жағдай әлі де күрделі. Бұл жерлерге дереу күштер мен құралдар жұмылдырылып жіберілді. Өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр", - деді төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі.

Су тасқыны кезінен бастап 15 мың 786 адам құтқарылды және эвакуацияланды. Оның 6187-і – бала. 

Қазіргі таңда уақытша орналастыру пункттерінде 4 113 адам, оның ішінде 1 911 бала (Ақтөбе, БҚО, Ақмола, Атырау, Қостанай) бар. Олар қажет жағдайдың бәрі жасалған көрінеді. 

"Су тасқыны белсенді кезеңге өтпеген елдімекендерде су басуға жол бермеу бойынша алдын алу шаралары күшейтілді. Алдын алу шаралары еліміздің 11 өңірінде 45 мыңнан астам адам тұратын 46 елдімекенді су тасқынынан қорғауға мүмкіндік берді. Өткен тәулікте таңғы сағат 6-дағы жағдай бойынша тұрғын үйлерді айтарлықтай су басуға жол берілмеді. 5 өңірде 1 405 жеке үй, 372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалды. 55 шайылған автожол учаскелері мен төрт көпірді (Абай, Қостанай, Атырау) қалпына келтіру жұмыстары бақылауда", - деді Бауыржан Сыздықов.

Оның дерегінше, 50 елдімекен көлік қатынасынсыз қалып отыр. 

"Олармен үнемі байланыстамыз, әкімдіктер азық-түлік және дәрі-дәрмек резервтерін дайындады, оларды уақытымен жеткіздік", - деді ТЖМ өкілі.

Бұған дейін Есілдегі су шекті деңгейден асып кеткенін жазған едік. Державинск қаласын су басып қалу қаупі төніп тұр. 

Талқылау