"Креслоның өзі 5 миллион теңге": Экс-әкім Даниал Ахметовтың резиденциясы қандай екені көрсетілді
Журналист Асхат Ниязов өзінің бейнематериалында Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі Даниал Ахметовтың бұрынғы резиденциясын көрсетті. Видео кезінде ғимараттағы қымбат жиһаздар көзге түсті. Бұл туралы Stan.kz агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/asshot.inc/danial.akhmetov.official
15 бөлмеден бөлек теннис ойнайтын алаң мен түрлі демалыс орындары бар резиденцияның бүгінде күтімі жоқ. Алайда түрлі дизайнда жасалған бөлмелер мен қымбат жиһаздар көздің жауын алады.
Екі қабатты ғимаратта жедел саты да бар. Бірнеше жұмыс орны, биллиард ойнайтын жер, монша тіпті бассейнді де байқап қалдық. Бұрынғы әкімнің резиденция қазір емдеу-сауықтыру орны. Десе де ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргіу қажет екені көрінеді. Төбеден сорғалаған су оның күтімсіз қалғанынан хабар береді.
Журналист ғимаратты аралау барысында қымбат брендтің жиһазын көріп қалды. Таңғалысын жасыра алмаған ол жиһаздың шамамен қанша тұратынын айта алмады. Кейін ол желідегі парақшаға жиһаздың өзі мен бағасын жариялады.
“Әріптестерім профилакторийдағы Versace жиһазының бағасын іздеп көрді. Бір креслоның өзі 5 миллион теңге тұрады. Барлығын қосқанда (екі кресло, диван, журнал үстелі) 20 миллион теңге шығады”, – деп жазды журналист.
Айта кетейік, Даниал Ахметов – Павлодар облысының тумасы. Әр жылдары Павлодар облысын басқарып, 2003-2007 жылдары премьер-министр қызметін атқарды. Бұдан кейін қорғаныс министрі болған ол 2010 жылы қызметінен босатылды. 2014 және 2023 жылдар аралығында Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып қызмет етті.