"5 қағиданы ұстандым": 100 жастағы дәрігер ұзақ жасаудың құпиясымен бөлісті
Америкалық невролог дәрігер Говард Такер 1947 жылдан бері медицина саласында қызмет етеді. Медицинада көп жылдық тәжірибесі бар адам ретінде одан ұзақ жасаудың құпиясын сұрайтындыр көп. Дәрігер көп ойланбастан өзінің өмір бойы ұстанған 5 қағидасымен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Make it” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден
Говард Такер 1922 жылы дүниеге келгенде АҚШ-та ер адамдар — 58, ал әйелдердің орташа өмір сүру жасы 61жас болатын. Бір ғасыр жасаған дәрігердің айтуынша, ұзақ өмір сүру үшін генетиканың жақсы болуы да маңызды. Одан бөлек, өмір бойы бұлжытпай орындаған 5 қағида да өзінің оң нәтижесін берген.
“Зейнетке шықтым деп уақытымды құр өткізбеймін”
Дәрігер 75 жылдан бері медицина саласында еңбек етіп келеді. Ең қарт дәрігер ретінде Гиннестің рекордар кітабына енген. Оның Сара есімді 65 жастағы әйелі психоанализ және психиатриямен айналысатын көрінеді. Пандемия кезінде Говард Такер аптасына 5-6 күн науқастарды қабылдап, емдегенін айтады. Кейін аптасына үш күн ординаторларға сабақ берген. Жақында ауруханасы жабылып, қазір басқа жұмыс іздеп жүр.
Дәрігер жұмыстан тыс төрт баласымен, он немересімен уақыт өткізгенді ұнатады. Бос уақытында қар адымдағышпен (снегоступ) жүріп, Кливленд спортын тамашалауды ұнатады.
Егер сізге өз жұмысыңыз ұнаса және әлде де сүйікті ісіңізбен айналысуға күш-қуатыңыз жетіп тұрса, зейнеткерлікке шығуды кейінге қалдырыңыз. Көп адам зейнетке шыққан соң күнделікті өмірде белсенділігі бәсеңдеп, когнитивті құлдырауға ұшырайды. Яғни, ойлау қабілеті төмендей бастайды.
“Денемді қалыпта ұстаймын”
Жүзумен, жүгірумен айналысып, жаяу серуендеп, шаңғы тепкеннің арқасында дәрігер 1980 жылдың аяғына дейін бойындағы күші мен денсаулығын сақтап қалғанын айтады. Қазір шаңғы теуіп, спортпен белсенді айналыспаса да, жаттығу залында аптасына бірнеше рет кем дегенде бір шақырымнан астам жүгіретін көрінеді. Зеріккенде классикалық фильм көріп, уақыт өткізеді.
Зерттеулерге сүйенсек, таза ауадағы 15 минуттық серуен мезгілсіз өлім қауіпін 25%-ға азайтады екен.
“Темекі шекпеймін”
1930 жылдары орта мектепте оқып жүргенде әкесіне темекіні тастағысы келетінін айтқан. Әкесі: "Мұныңмен келісемін. Қамшының сабындай ғана қысқа өмірде таза ауа жұтпай, өкпеңді өзге затпен улап не керек?” деген екен. Әкесінің бұл сөздері Говард Такердің темекіні тастауына себеп болған.
Сондай-ақ ол темекінің қатерлі ісікке, инсультке, перифериялық артерия ауруларына, жүректің ишемиялық ауруы мен басқа да өкпе және жүрек-қан тамырлары ауруларына әкелетінін ескертті.
“Мен өзіме шектеу қоймаймын”
Дәрігердің айтуынша, ұстамдылық бізге толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қомағайлық пен денсаулығымызға зиян келтірудің алдын алады. Ол кейде мартин мен стрип-стейк ішетінін жасырмай айтты. Говард Такердің айтуынша, жары Сара – керемет аспаз. Ол күйеуіне пайдалы және тиімді диета түрлерін ұстауға көмектеседі. Күнделікті тамақтану барысында салат жапырақтарын, брокколи мен брюссерль қырыққабатын жейтін көрінеді.
Ұзақ өмір сүрудің ешқандай құпиясы жоқ дейді қарт дәрігер. Мына өмірге келгендіктен берілген уақытты тиімді пайдалану керек деп санайды ол.
“Білімімді пайдаға асырамын”
Жетпіс жылдан астам уақыт бойы неврологиямен айналысып келген дәрігер медицинаның лоботомиядан бастап соңғы компьютерлік бейнелеу әдістеріне дейінгі эволюциясының куәсі болды. Говард Такер ординаторлар мен медицина саласында оқитын студенттерге сабақ бергенді ұнатады. Жас буынды көп нәрсеге үйретіп қана қоймай, өзінің де шәкірттерінен үйренері көп екенін айтады.
Жақында Говард Такер туралы деректі фильм түсірілген екен. Қарт дәрігер өзінің еңбек жолын баяндап, білгенін шәкірттерімен қуана-қуана бөліскенін айтады.
Доктор Ховард Такер Огайо штатының Кливленд қаласынан шыққан невропатолог, Гиннестің рекордтар кітабына енген "Ең кәрі дәрігер". 60 жасқа таяп қалғанда ол Огайода адвокаттық емтиханын тапсырып, заңгердің оқуын аяқтады. Сондай-ақ Корей соғысы кезінде Атлант флотында неврология бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Бүгінде Доктор Такер туралы көркем деректі фильм түсіріліп жатыр.