Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

45 жастағы шымкенттік әйел 13 жылдан бері кран айдайтын машинист болып жұмыс істеп жүр

Айнұр Толтаева 13 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласында кран айдайтын машинист болып жұмыс істейді. Негізгі мамандығы аспаз болғанымен, бала күнінен ұшқыш болуды, биікте жұмыс істеуде армандағанын айтады. Тек әкесі қайтыс болған соң, жалғыз анасының оқуға түсіруге шамасы келмепті. Алайда адастырмаған арман ақырында бүгінгі кәсібіне алып келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Айнұр Толтаевамен тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы сұхбаттасты. 

Айнұр Толтаева 2007 жылы Шымкенттен Астанаға жұмыс іздеп келген. Ол шақта тұрмыс құрмаған Айнұр ханым еркіндікті пайдаланып, үлкен қалада табыс табуды ойлаған. Оның үстіне, өзінен кейінгі төрт бауырын жеткізу үшін анасына көмектесуді мақсат тұтқан. 

"Шымкенттен де жұмыс табуға болар еді, бірақ Астананың айлығымен салыстыруға келмейді. Анамды жеткізуім керек, өзімнен кейін 4 бауырым бар. Шымкентте мамандандырылған аспаз болып жұмыс істедім. Күндіз 1500 теңге алатынмын. Түнде печенье пісіретін цехта жұмыс істедім. Ол кезде тұрмыста болмаған едім. Бақытымды Астанадан таптым", - дейді Айнұр Толтаева.

Елордаға 30 жасында келген Айнұр алғашқыда мамандығы бойынша жұмыс істеген. Алайда көп ұзамай, жұмыс орны жабылып, ақша табудың басқа жолын іздеуге тура келгенін айтады. 

"Сол жерде Айнұр деген құрбымның танысы кездесіп қалды. Өзі теміржолда жұмыс істейді. "Бізге жұмыс керек. Сіздерде жұмысқа кісі қабылдай ма?" деп едік: "Жарайды, сұрап көрейін" - деп біздің көңілімізді қайтармады. 



Маған звондап, бір адреске шақырды. Бастықтарымен сөйлесіп, теміржолға кіретін болып келістік", - деген Айнұр біраз уақыт сырлаушы болып істегенін атап өтті. Сөйтіп жүргенде жұбайымен танысып, отау құрған. 2009 жылы тұңғыш ұлын дүниеге әкелген. Бүгінде бір ұл, бір қыздың анасы. 

"Бала кезімнен биіктікте жұмыс істеуді армандадым. Әкем марқұм болып кеткеннен кейін, жалғыз анам мені оқуға түсіре алмады. Мен ұшақ айдаймын деп армандайтынмын. 2013 жылдары арманым орындалды. Сылаушы болып жүргенде денсаулығыма байланысты жұмыс орнын босату керек болды. Бала-шағамды асырауым керек.Енді қайтемін деп әріптестерімнен ақыл-кеңес сұрадым. Сол жердегі әріптестеріме рахмет, бастығым мені кран машинисті етті. Бір жылдық оқуға жіберді. 3-4 ай Шымкентте оқып, Астанаға ауыстым. Жұмыс істеп жүрген кезде практикадан өттім", - дейді Айнұр Толтаева. 

Бүгінде 46 жасқа аяқ басқан Айнұр биіктігі 7-8 метр болатын кранда отырып, құрылғыларды тасиды. Болашақта 10-15 метр биіктікке шыққысы келеді. Алла денсаулық берсе, зейнетке дейін осы жұмысын жалғастырмақ ниетте. 

"Менің бала кезгі арманым орындалды, мен жарты жолда тастап кете алмаймын. Бұдан да биік крандарда жұмыс істесем деп ойлаймын. 
Барлығы менен: "Қорықпайсың ба?" - деп сұрайды. Ешқандай қорқыныш болмайды. Құрылғыларды алғаннан, соны орнына аман-есен қойсам деп бар ойым сонда болады", - дейді Айнұр.


 

Талқылау