100 мың доллар пара алған Петропавл зауытының бұрынғы басшылары сотталды
Петропавл ауыр машина жасау зауытының бас және атқарушы директорларына қатысты үкім шығарылды. Зауыттың бұрынғы бас директоры аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 11 жылға, атқарушы директор төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпара агенттігі хабарлайды.
Фото: lyubimiigorod.ru
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2022 жылы зауыттың Қорғаныс министрлігінен әскери техниканы жөндеуге тапсырыс алғаны анықталды. Оны орындау кезінде жеке кәсіпкермен жалпы сомасы 283, 3 миллион теңгеге қосалқы бөлшектер жеткізуге шарт жасалған.
“Орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және шартты орындау кезінде жалпы қамқорлығы үшін бас директор атқарушы директор арқылы кәсіпкерден 100 мың доллар (45 миллион теңге) сомасында пара алды. Сотпен зауыттың бұрынғы бас директоры аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 11 жылға, атқарушы директор төрт жылға бас бостандығынан айырылды”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар мемлекет кірісіне 40 миллион теңгеге пара сомасына сатып алынған пәтер тәркіленді. Қалған 5 миллион теңге сотталғандардан тең үлестермен өндірілді.
Айта кетейік, бұған дейін Олимпиадалық спорт түрлері бойынша дамыту дирекциясының басшысы 60 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған еді.