4 жыл бұрын айырылысқан атышулы "Қалаулымдық" жұп отбасын құрды
Атышулы "Қалаулым" шоуының алғашқы маусымында табысып, кейіннен айырылысып кеткен жұп – Ислам Алтайбаев пен Шынар Меджанова отбасын құрды, деп хабарлайды Stan.kz.
Шынар әзірге "Бір болайық" эфирінде ұзатылып шықты. Ал нағыз ұзату той жақын күндері Семей қаласында болмақ.
"Аллаға шүкір, осы күн де келді. Бүгін "Бисмиллях" деп отбасылы өмірге алғашқы қадамымызды басып жатырмыз.
Төрт жылдан бері жазамын деп жүрген тілектеріңізді қазір жазсаңыздар болады", – деп қуанышымен бөлісті Шынар Instagram-да.
Бұдан өзге, Шынар журналист Шах-Керім Кәрменовке Ислам екеуін табыстырғаны үшін алғыс білдірді.
"Көбісі білмейді, бірақ осы адам бірінші маусымда бізді қосу үшін барын салып тырысқан. Әлі күнге дейін есімде... Алғаш ұрысқанымызда тіпті таңғы 4-те келіп, бізді отырғызып қойып, татуластырып, сөйлескен.
Келесі күні эфирде абыройымызды төгіп, бір-бірімізді жамандап отырмас үшін. Біз ұрысқанда талай шашы ағарған-ау. Аман болыңыз, Шах ағам", – деп жылы лебізін білдірді ол.
Айта кетейік, жақында қайта табысқан жұп шілде айында пәтер алып, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Үйленгеннен кейін, екі жас жаңа пәтерде тұрмақ.