"4 баламды қаңғытып, пәтерімді сатып жібердім": Құмар ойынның құрбанына айналған жастар оқиғаларын бөлісті
Құмар ойынға салынып, бәс тігіп, барынан айырылған жас жігіттер басынан кешкен оқиғаларын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Бағдарламадан скриншот
“Астарлы ақиқат” бағдарламасына қарызға белшесінен батқан бір топ жас жігіт көмек сұрап келді.
“400-500 миллион теңге қарызға кірдім”
“Менің бала күнімде жоқшылық деген болмаған. Алғашқы бәсім – 100 мың теңге. Ерігуден пайда болған дүние болды. Әйтпесе мен толыққанды отбасында дүниеге келдім. 10 жылдан бері құмар ойынның соңында жүрдім. Әріптесім көрсетіп, қызықтырды. Бәрі содан басталды. Құмар ойынға келмей тұрып, мектеп пен университетте сабақ бергенмін. Қазір бәрінен шығып қалдым. 1-2 ай тек ұтып жүрдім. Кейін ұтыла бастадым. Адамдар ойын туралы сұрағанда, “мен ғана білетін сияқты” жанымды беріп түсіндіретін едім. 400-500 миллион теңге қарызға кіргенімді сезбей қалдым. Отбасым тұрып жатқан үйді саттым. Әйелім мен балаларымды ата-анамның үйіне апарып тастадым. Алғашында тек футболға ғана тігіп жүр едім, кейін теннис, валейболға да тігетін болдым. Бастапқы бағытымнан айырылып қалдым. Айналадан қарыз алдым. Әйеліме “кете бер, мен өзгермеймін” дедім. Бірақ ол кісі мені тастап кетпей, қиын сәтте қолдады”, – деп жан сырын ақтарды Асқар Ізбасаров.
- Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға тыйым салынады
-
Қазақстандықтар шенеуніктердің құмар ойын ойнауына тыйым салуды талап етіп, петиция жариялады
Сонымен қатар блогер, құмар ойынның құрбанына айналған Ілияс Бордатханов та басынан кешкен оқиғасын айтып берді.
“Жарнама үшін аптасына 3 миллион теңге таптым ”
“Осыдан алты жыл бұрын ”Астарлы ақиқатқа” құмар ойын ойнап жүрген кезде келіп едім. Күзетшілермен бірге шығып, соңы айқай-шуға ұласты. Ол кезде 20 жаста едім. Қате өзімнен болды. Хайп жасап, жұртқа жеккөрінішті болдым. Сол үшін бағдарлама ұжымынан кешірім сұраймын. Құмар ойынның жарнамасын жасап, аптасына 3 миллион теңгедей таптым. Айына 10 миллион теңге таза табыс қолыма түсіп отырды. Менің өмірім үйленгеннен кейін өзгере бастады. Сосын дін жолына түстім. Содан кейін құмар ойыннан бас тарта бастадым. Қазір саудамен айналысамын. Айына 200 мың табамын. Сол ақшаның берекесі мол. Құмар ойынға жоламаңыздар!”, – деді блогер.
Құмар ойынның соңы нашақорлыққа әкелген Алмас есімді азамат та өз құпиясын бөлісті.
“Анаша шегіп, 2-3 күн ұйықтамастан ойнадым”
“Мен букмекерден бастаған жоқпын. Онлайн-казино қызық болды. Досым екеуміз кездесіп қалғанда осындай ойын бар деді. Бәрі содан басталды. Телефоныма қосымшасын жүктеп алып, тез меңгеріп кеттім. Басында ұтып жүрдім. Өте жақсы ақша шығарғасын қызыға бастадым. Көп ұзамай сәтсіздік бола берді. Қатты ұтылдым. Несие алып, әріптестерімнен ақша сұрай бастадым. Өзіме ренжіп жүргенде бір танысым анаша шегіп ойнасаң, табысқа кенелесің деді. Оны пайдаланғаннан кейін, 2-3 күн ұйықтамай жүре алатын болдым”, – дейді Алмас Медеуұлы.
Еске салайық, құмар ойындарға тәуелділікпен күрес туралы заң аясында электронды казино мен онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін заңды тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын жазған едік.