3,5 мың адам шекті балл жинай алмады: БҒМ ҰБТ-ның алғашқы күнін қорытындылады
Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнін қорытындылады, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
"Тестілеу 6 өңірде орналасқан 39 пунктіде өткізілді. 13 068 адам тест тапсыруға өтініш беріп, оның ішінде 12 772 бала тестілеуге қатысты, бұл 97%-ке тең. Өңірлерге жіберілген 500 мемлекеттік бақылаушы тәртіпті қадағалады. Барлық 309 аудитория бейнебақылаумен жабдықталып, ұялы телефон байланысы өшірілді. Барлық өңірден ҰБТ тапсыру процесін бейнетрансляция арқылы көру мүмкін болды", - деп айтты Тойбаев.
Ол 20 маусымда ұлттық тестілеу орталығының call-центріне ҰБТ өткізу мерзімі, тамызда өтетін тестілеу және ҰБТ нәтижелері туралы 34 қоңырау келіп түскенін айтты.
"Бірінші лек бойынша қатысушылардың 76,5% шектік деңгейден өтті. Ең жоғары балл - 137 балл. Биылдан бастап әкімдіктерден ҰБТ нәтижесі бойынша рейтинг жасамауды сұрадық. Сол себепті орташа балл мен ең төменгі балл есептеген жоқпыз. Бүгін сағат 13:00 бастап апелляциялық комиссия жұмысын бастады. Жалпы ҰБТ бірінші күні штаттық режимде жақсы өтті", - деді ол.
ҰБТ алғашқы легінде республика бойынша өту ұпайынан асқандар саны - 9 338, ал шекті балл жинай алмағандар саны 3 434 адамды құрады.
"Рейтинг жасау - әділетсіз": Министр ҰБТ-дан жарыс ұйымдастырмауды өтінді