"3 адам инфекция жұқтырған": Американың 10 штатында құс тұмауы анықталды
Америка билігі елде сүт пен мал етін сатуға шектеу енгізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Minnesota Reformer басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Миннесота – жануарлардан құс тұмауы анықталған оныншы штат. Бұған дейін індет Колорадо, Айдахо, Канзас, Мичиган, Нью-Мексико, Солтүстік Каролина, Огайо, Оңтүстік Дакота және Техас штаттарында тараған еді.
Американың ауыл шарушылығы министрлігі ірі қарадан 17 мыңнан астам сынама алды. Нәтижесінде 67 табын індет жұқтырған.
Өткен аптада 40-тан астам адамнан H5N1 түріндегі құс тұмауына сынама алынды. Мичиганда екі адам, Техас штатында бір адам құс тұмауын жұқтырғаны белгілі болды. Аталмыш штамм мысықтардан да анықталды. Сол себепті сарапшылар адамдарға үй жануарларын құстардан алшақ ұстауды ескертті.
“Біз бұл індеттің табиғатын жақсы білеміз. Қандай вирус және оның таралуына не себеп екені бізге аян. Қазір барынша бұл індетті жойып жіберуге тырысып жатырмыз”, – дейді ауыл шаруашылығы министрі Том Вилсак.
АҚШ фермаларындағы сиырлар мен оның сүтінен сынама алынып жатыр. Құс тұмауын жұқтырған сиырлардың сүтінде вирус көп болады. Десе де, мамандардың айтуынша, инфекция жұқтырған сиыр 14-15 күн ішінде жазылып кетеді. Ал құс тұмауын жұқтырған тауықтар мен күркетауықтар көп жағдайда өліп қалады.
Бұған дейін Қазақстанға шетелден әкелінген еттен инфекция анықталған еді.