Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

242 миллион теңгеге жасалған Steppe Rider ойынын ҰҚК тексеріп жатыр

Steppe Rider ойыны
Фото: Steppe Rider ойынынан скриншот

Қазақ тілін үйретуге арналған Steppe Rider ойынына жұмсалған 240 миллион теңгеге жуық қаражатқа қатысты жоба тексеріліп жатыр. Мұны Үкіметтегі брифингте ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, тексеруді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мен Астана қаласының Экономикалық тергеу департаменті жүргізіп жатыр.

“Осы дерек бойынша ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мен Астана қаласының Экономикалық тергеу департаментіне тексеру жүргізу туралы сұрау жолдадық. Мұны өзіміз бастамашылық етіп көтердік”, – деді Саясат Нұрбек.

Оның сөзінше, қазір тексеру жалғасып жатыр. Оның қорытындысы сот тәртібімен немесе әкімшілік іс жүргізу аясында белгілі болуы мүмкін.

“Әрі қарай қандай да бір шешімдер шығар, сот тәртібімен немесе әкімшілік іс жүргізу аясында. Бұл енді тексеруші органдардың құзырындағы мәселе”, – деді министр.

Сонымен бірге Саясат Нұрбек министрліктің дайын ойынның сапасына көңілі тола ма және өнім бастапқы техникалық талаптарға толық сәйкес келе ме деген сұраққа нақты жауап берген жоқ.

 Steppe Rider туралы не белгілі?

2025 жылғы наурызда Ғылым және жоғары білім министрлігі балаларға қазақ тілін үйретуге арналған компьютерлік ойын әзірлеуге мемлекеттік сатып алу жариялаған. Жобаға бастапқыда шамамен 242 миллион теңге қарастырылған.

Сол жылғы сәуірінде министрлік United Kingdom ЖШС-мен 239,8 миллион теңгеге келісімшарт жасаған. Кейін мердігерге келісімде көзделген қаражат толық төленгені белгілі болды.

Техникалық тапсырмаға сәйкес, мемлекет кезекке негізделген стратегия немесе RPG жанрындағы ауқымды білім беру ойынын күтті. Онда толыққанды оқиға желісі, кейіпкерлер арасындағы диалогтар, миссиялар, әртүрлі локациялар, даму жүйесі және қазақ тілін үйретуге арналған тапсырмалар болуы керек еді.

Алайда 2025 жылғы желтоқсанда көпшілікке ұсынылған Steppe Rider мүлде басқа сипатта шықты. Дайын өнім раннер жанрында жасалған: ойыншы үш жолақтың бірінде қозғалып, кедергілерден өтіп, қазақша сөз құрау үшін әріптер жинайды.

Ойын индустриясының мамандары соңғы өнімде бастапқы техникалық тапсырмада көрсетілген бірқатар элемент жоқ екенін айтқан. Атап айтқанда, сарапшылар толыққанды оқиға желісін, мазмұнды диалогтарды, түрлі локацияларды және қазақ тілін жүйелі түрде үйрететін тетіктерді көрмеген.

Соған қарамастан Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті бұған дейін дайын ойын техникалық талаптарға сәйкес келеді деп мәлімдеген.

Кейінірек Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірленуіне 500 мың доллар жұмсалған Steppe Rider компьютерлік ойынына қатысты сынға жауап берді. 

Енді жобаның қалай орындалғанына, техникалық талаптардың сақталуына және бюджет қаражатының жұмсалуына құқық қорғау органдары баға береді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2026 14:51