Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2025 жылы министрліктердің бюджеті қанша теңге болады

4 желтоқсанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025-2027 жылдарға арналған бюджет туралы заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес алдағы үш жылдағы шығындар 25,8 триллион, 23,2 триллион және 24,6 триллион теңге болмақ. Stan.kz алдағы жылы министрліктерге бюджеттен қанша қаржы бөлінетінін сараптап көрді. 

коллаж

Инфографика: Stan.kz

Республикалық бюджеттен әр ведомствоға әртүрлі қаражат бөлінген. Мәселен, қаржы министрлігінің 2025 жылға арналған бюджеті 9 триллион теңге. Оның 2,5 триллион үкіметтік қарыздарға бөлінген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бюджеті алдағы жылы 6,1 триллион теңге болмақ. Оның ішінде 6 триллион теңгеден астамы әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қамтамасыз етуге және оларға жәрдемақы төлеуге жұмсалады. 

Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылға арналған бюджеті 2,5 триллион теңге екен. Оның ішінде 2,2 триллион теңге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына мақсатты салым екен.

Оқу-ағарту министрлігі 2025 жылы 1,1 триллион теңге бюджетпен қамтылмақ. Бюджеттің 903 миллиарды мектептегі сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған. 

Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің бюджеті алдағы жылы 790,7 миллиард теңге. Оның 526 миллиарды жоғары білімі бар кадрлармен қамтамасыз етуге арналған. 

Елдегі көлік министрлігінің 2025 жылғы бюджеті 786 миллиард теңге екен. 149 миллиард теңгені министрлік автокөлік жолдарын жөндеуге бағыттамақ. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бюджеті 2025 жылы 684,5 миллиард теңге болады. 

Қорғаныс министрлігі елдегі бюджеті ең үлкен ведомстволардың бірі болып қала береді. 2025 жылы ел қазынасынан министрлікке 666,7 миллиард теңге бөлінген. Оның 624,7 миллиарды еліміздің қарулы күштерінің әскери және мобилизациялық дайындығын қамтамасыз етуге арналған. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бюджеті 2025 жылы 646,6 миллиард теңге екен. Оның 200 миллиарды облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар бюджетін несиелендіруге жұмсалады. 

2025 жылы ішкі істер министрлігінің шығындарына ел қазынасынан 602,8 миллиард теңге қарастырылмақ. Министрлік бюджетінің басым бөлігін, яғни 272,5 миллиарт теңгені қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсайды. 

Ұлттық экономика министрлігінің бюджет шығындары 352 миллиард теңге. 2025 жылы бюджетінің 101 миллиард теңгесін инженерлік, көлік дәне әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шараларына жұмсайды. 

Цифрлық даму, инновациялар мен аэроөнеркәсіп кешені министрлігіне қазынадан 220,6 миллиард теңге бөлінеді. Бюджеттің негізгі бөлігі, яғни 107 миллиард теңгесі "электронды үкіметті", ақпараттық коммуникация инфрақұрылымы мен ақпараттық қауіпсіздікті дамытуға жұмсалады. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің бюджеті келер жылы 187 миллиард теңге болады. Қаржының негізгі бөлігі – 163,4 миллиарды төтенше жағдайларды ескерту және жою бойынша мемлекеттік саясатты ұйымдастыруға жұмсалады. 

Сыртқы істер министрлігінің бюджеті 2025 жылы 118,8 миллиард теңге. Оның ішінде 86 миллиард теңгесі сыртқы саясатты істері бойынша қызметке жұмсалады. Ал 76 миллиард теңге шетелдегі дипломатиялық үкімет қызметін қамтамасыз етуге арналған. 

Энергетика министрлігінің бюджет шығыны 105 миллиард теңге болмақ. Соның ішінде жылу және электр энергиясын дамытуға 27,9 миллиард теңге бағытталады. 

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бюджет шығыны 94 миллиард теңге екен. Алдағы жылы ведомство қаржының басым бөлігін (67,6 миллиард теңге) орман ресурсы мен жануарлар әлемін сақтау және дамытуға бағыттайды. 

Әділет министрлігінің бюджеті алдағы жылы 46,9 миллиард теңге болмақ. Ең көп шығын – 15,3 миллиард теңге сот сараптамалары бойынша қызметке жұмсалады. 

Сауда және интеграция министрлігіне 21,3 миллиард теңге бөлінбек. Оның 8,5 миллиарды Қазақстан тауарын сыртқы нарықта экспортына ықпалдастық жасауға берілмек.  

Талқылау