"Көрші елдерде 7–25 есе қымбат": 2025 жылы Қазақстанда ақылы жолдар бағасы өседі
Көлік министрі Марат Қарабаевтың биыл елімізде қосымша 4 мың шақырым ақылы жолдар енгізілетінін және ақылы жолдар құны артатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТАСС
Үкіметтегі брифинг барысында Қарабаев елде ақылы жолдардың санын кезең-кезеңімен көбейту қажет екенін мәлімдеді. Ол билік жолдарды өзін-өзі ақтайтын жүйеге біртіндеп көшіріп жатқанын, бұл олардың сапасын сақтап, бюджетке түсетін жүктемені азайтуға көмектесетінін атап өтті. Оның сөзінше, алдағы уақытта ақылы жолдар саны екі есе артады.
"Қазақстанда жолдар онсыз да ең арзан. Көрші елдерге қараңыздар, жолдары бізден 7, тіпті 25 есе қымбат. Егер біз жолдарды күтіп ұстап, жақсартқымыз келсе, ақылы ету өте маңызды", — деп түсіндірді ол.
Министр Қазақстан маңызды транзиттік хабқа айналып келе жатқанын, сондықтан ақылы жолдар ең алдымен шетелдік жүк көліктеріне бағытталғанын қоса айтты.
"Егер олар біздің аумақ арқылы өтсе, онда төлеуі керек", — деді Қарабаев.
Ведомство басшысының сөзінше, ақылы жолдардан түскен қаржының бір бөлігін жол құрылысы үшін алынған несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін өтеуге бағыттау мәселесі қарастырылып жатыр.
"Бүгінде ел бойынша ақылы жол жүйесінің ұзындығы 3 200 шақырым. 2024 жылы түсім 48 миллиард теңге болды. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы жол іске қосылып, олардан 60 миллиард теңге кіріс түседі деп жоспарланып отыр. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш 100 миллиард теңгеге дейін жетеді. Осы жолдарды күтіп ұстау қажеттілігіне байланысты ақылы жолдар кей жерлерде 40%-ға, кей жерлерде 50%-ға қымбаттауы мүмкін", – деді Қарабаев.
Еске салайық, бұған дейін келесі жылы 26 қаңтардан бастап Қызылорда – Арал жолы ақылы болатынын жаздық. Қызылорда мен Аралды байланыстыратын жол автобустар мен жүк көліктері үшін ақылы болды. Атап айтқанда, оның 454 шақырымдық бөлігі ІІ техникалық категорияның нормативтік талаптарына сәйкес келеді. Жолда стационарлық төлем пункттері болмайды, өйткені қазір "ашық" төлем жүйесі қолданылады. Өткізу ақысы қолма-қол ақшасыз төлем әдісімен жүзеге асырылады.