2025 жылы 2000 адам резервтегі әскери қызметке шақырылады: Мәжіліс заңды мақұлдады
22 қаңтарда мәжіліс депутаттары резервтегі қызмет туралы заң жобасын мақұлдады. Оған сәйкес 2025 жылы елде 2000 адам резервтегі әскери қызметке шақырылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Заң жобасында сабақтар немесе жиындар кезінде әскери қызметкер мәртебесін алатын "резервтегі әскери адам" деген жаңа ұғым енгізіледі.
“Депутаттар резервтегі әскери адамды басқа әскери қызметкерлермен тең дәрежеде әскери қылмыстық құқық бұзушылық субъектілеріне жатқызу жөніндегі нормаларды ұсынды, сондай-ақ қылмыстық процеске қатысу кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нормалар айқындалды”, – делінген заң жобасы жайлы қорытындыда.
Сондай-ақ артық тәптіштеуді жою мақсатында Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерінде әскери қызметкерлердің барлық түрін санамаламай-ақ, "әскери қызметкер" деген бірыңғай ұғымды пайдалану ұсынылады.
“Резервтегі әскери қызметке кіру кезінде қойылатын талаптарды, резервтегі әскери адамдардың құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ олардың резервте әскери қызмет өткеру тәртібін реттейтін нормаларды ретке келтіру және жүйелеу үшін депутаттар "Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы" Заңының құрылымына әскерге шақыру бойынша әскери қызметке және келісімшарт бойынша әскери қызметке ұқсастық бойынша "Резервтегі әскери қызмет" деген жаңа тарау енгізуді ұсынды”, – деп қосты мәжілісмен Айдос Сарым.
Бұдан бөлек, депутаттар резервтегі әскери адамдарды әлеуметтік қамтамасыз ету, оның ішінде жалақы, зейнетақы төлемдері, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен жарналар және өзге де төлемдер мәселелерін реттейтін түзетулер ұсынды.