Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2023 жылы Қазақстандағы кісі өлімі мен атышулы оқиғалар

2023 жылдың қорытындысы! Қоян жылы Қазақстанда қандай өзгерістер болды? Биыл біздің елде нендей елең еткізерлік жаңалықтар есте қалды? Атышулы оқиғалар, қайғылы хабарлар. Әлеуметтік желінің жұлдыздары, хайп қуғандар мен айыпты болғандар! Алаяққа алданғандар, ерлігімен елге танылғандар, депутаттық мінберде сөзден жаңылғандар! Сонымен қатар, Қазақстанның әлемдік аренадағы жеңістері мен жетістіктеріне Stan.kz YouTube арнасы шолу жасады.

2023-тің басында "Қаңтар қасіретіне" тура бір болды. Бұл қайғылы жағдай өткен жылдың еншісінде қалғанымен, дүйім жұрттың жаны мен жүректегі жарасы әлі жазыла қойған жоқ еді. Сонымен "Қаңтар оқиғасын" кім ұйымдастырды? Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин халықтың көкейіндегі дәл осы негізгі сұрақты Қазақстанның бас прокурорына жолдады.    

"Бүкіл елді дүр сілкіндірген "Қасіретті қаңтар" оқиғасына 1 жыл болды. Сол күндері халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығы мен мызғымас егемендігіне зор қауіп төнді. Қаңтар күндері Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жан жүрегімізбен сезіндік. Сонымен, мұны ұйымдастырған кімдер? Өйткені барлық өңірде бір мезгілде толқулар басталды және қаскөйлердің негізгі мақсаты не болды?”, – деді Еділ Жаңбыршин. 

Депутаттың бұл сұрағына еліміздің бас прокуроры Берік Асылов та еш іркілместен жауап берді. Оның айтуынша, қаңтар оқиғасының негізгі ұйымдастырушысы – ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов екенін айтты. Берік Асылов қаңтар оқиғасын "мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет" деп атаған еді. 

"Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен ҰҚК Департаментің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткен. Сондай-ақ басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы облысының полиция департаменттері өз ғимараттарын тастап кетті. Әрине, турасын айту керек осы басшылар әлсіздік танытты. Бұл өз кезегінде жеке құрамның рухын түсірді. Соның салдарынан тәртіпсіздіктің жолын кесу бойынша шаралар уақтылы қабылданған жоқ. Нәтижесінде Алматы мен Талдықорған екі күн бойы қарулы содырлардың билігінде болды", – деді ҚР Бас прокуроры.

Берік Асылов дәл осы мәлімдемесінде шабуылды тойтару кезінде, төтенше жағдай мен антитеррористік операция барысында 238 адам қайтыс болғанын айтты. Ал биыл наурыздың 19 күні Қазақстанда кезектен тыс мәжіліс сайлауы өтті. Бірақ ант беру рәсімінде халық қалаулылары қатты қобалжығаны әлі елдің есінде. Жаңадан жасақталып, қызметіне енді кіріскен мәжілістің VIII шақырылым депутаттарының ант беру рәсіміндегі сасқалақтаған сәті сол кезде бірден қазнеттің қызу талқысына түсті. Ауқымды аудиторияның алдында тілі күрмеліп толқығандардан бөлек, бірнешеуі қазақ тіліне шорқақ екенін де анық байқатқан еді. Ал алғашқыда қалың көпшілікке айтыскер ретінде танылып, биыл наурыз айында мәжіліс депутаты атанған Ринат Зайытов ант беру рәсімінде қобалжыған әріптестерін басында ақтаған сыңай танытып, кейін шындығын айтқандай болды. 

"Ант берген депутаттың барлығы ел алдында сөйлеп үйреніп қалған адамдар емес қой. Әртүрлі саланың мамандары. Әркімнің жаттауына, қабылдауына байланысты шығар. Сосын жасыратыны жоқ, кейбір сөйлемдері орыс тілінінен аударылған ба, кішкене сөйлемнің құрылымы дұрыс емес. Шынын айтайын, "ант берген жердің аурасы ауыр болды, қобалждым" деген өтіріктен аулақпын. Өйткені әу баста келгеннен бері мойнымда жауапкершілік бар, ұятқа қалмау бар. Иә, ант қабылдауға барлығымыз үлкен жауапкершілікпен қарадық. Іште қобалжу болуы мүмкін. Болуы да заңдылық қой енді. Бүкіл елдің алдында ант берейін деп тұрсың. Қобалжу деген тек сол антқа дайындығыңның деңгейі шығар. Антты "серьёзно" қабылдамайтын депутаттар да бар шығар, білмеймін", – деді Ринат Зайытов. 

Бірақ депутат атанған Зайытов оппозициялық саясаткерлерге жақпай қалған сияқты. Қоғам қайраткері, журналист әрі марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының туған ағасы – Рысбек Сәрсенбайұлының айтуынша, наурызда тағайындалған мәжіліс депутаттарының басым бөлігі нағыз халық қалаулысы болатын адамдар емес. Мәселен, бұл тізімде айтыскер ақын Ринат Зайытов та бар екен.

"Көпшілікке танымал ақын Ринат Зайытов туралы қазір әртүрлі пікір айтады. Ринаттың Парламентке барғаннан кейінгі айтып жатқан сөздеріне қарап, бұрын оның сөзіне сенген адамдар қазір қатты ренжулі. Адам өзгермелі, құбылмалы боп тұр ғой. Мұндай құбылмалы заманда осындай мінездегі адамдар, болмысы сондай адамдар керек шығар. Құбылмалы заманда құбылып тұрады. Бұл көпшіліктің сөзі, көпшіліктің пікірін айтып отырмын. Жеке менің де пікірім соған үйлесіп келеді", – деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Оппозициялық саясаткер бізге берген бұл сұхбатында биыл депутат атанған Ардақ Назаровтан да аса қатты үміт күтпейтінін ашық айтқан еді.  

 "Ардақ Назаров туралы тіпті ештеңе айтқым келмейді. Ол – мен сөз ететін тұлға емес. Егер ол бір керемет тұлға боп, қайраткер боп жатса, "О, бәрекелді, міне, осындай" деп айтуға болар еді. Оның Парламент табалдырығын алғаш аттаған сәтінен бастап, журналистерге қайтарған жауабынан-ақ халық көріп, әркім өзі ой түйіп, бағасын беріп жатыр ғой. Соның өзі жеткілікті шығар", – деді қоғам қайраткері.

2023 жылы есте қалған тағы бір шулы оқиға – жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер жайлы. Мұнайшылардың бұл мәселесіне жергілікті билік назар аудармаған соң, олар Астанаға арнайы барып өз талап-тілегін айтып, ереуілге шыққан еді. Құзырлы орган өкілдері жаңаөзендік жігіттердің бұл наразалық шарасы рұқсат етілмеген екенін айтып, Астанадағы тәртіп сақшылары жұмыс талап еткен мұнайшыларды күштеп ұстап, арнайы көлікке тиеп, полиция басқармасына жеткізген. Ал бас прокуратура өкілі Жандос Өмірәлиев заңсыз митинг өткізген мұнайшыларға қатысты мынадай мәлімдеме жасаған еді. 

"Ішкі істер органдарының өкілдері қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында, әкімшілік құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында осы заңсыз жиналысқа қатысушыларды Ішкі істер органдарына жеткізген болатын. Оның нәтижесімен тиісті профилактикалық жұмыс жүргізілді, қазіргі таңда барлық жұмысшылар өздерінің қаласына қайтарылды. Бірақ ішінде айрықша белсенділік көрсеткен бес азаматқа қатысты тиісті әкімшілік іс қозғалып, олар сотқа қаралып, оларға ескерту тәртібінде шара көрсетілді. Дегенмен олар да үйіне қайтарылды", – деді Бас прокурордың орынбасары.

Биылғы жаз мезгілі де тыныш өткен жоқ. Маусым айында Абай облысындағы алапат өрттің салдары қазақ елінің қабырғасын қайыстырды. Семей орманын шарпыған қызыл жалын 15 адамның өмірін жалмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған өңірге іс-сапармен барып, қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан марқұмдардың ет-жақындары мен отбасына көңіл айтты. 

"Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент табиғи апат кезінде жақынынан айырылған жандарды жұбатып, олардың отбасына жеке жәрдемақы тағайындалып, материалдық тұрғыда толықтай көмек көрсетілетінін баса айтты. Осылайша Тоқаев 12 маусымды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Айтпақшы, биыл Қазақстандағы азалы күндердің саны 29 қазанда тағы толықты. Бұған себеп – Қарағандыдағы Костенко шахасындағы қаралы хабар. Жарылыстың салдарынан 46 кенші қаза тапқан еді. 
Сондай-ақ 2023 жылы бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев та елдің аузында. Ол қараша айында "өз әйелін өлтірді" деген күдікпен қамауға алында. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болды делінген марқұм Салтанат Нүкенованың қазасы әлі күнге дейін қоғамда қызу талқыланып жатыр. 
Сонымен қатар биыл елімізге танымал біраз адам өмірден өтті. Олардың тізімінде өнер өкілдері, мәдениет пен әдебиеттің майталмандары бар. Мәселен, әнші-композитор Арман Дүйсенов, жас әнші Дархан Джуз, ақын Несіпбек Айтұлы, мемлекеттік әрі саяси қайраткер Бердібек Сапарбаев, Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі, кәсіпкер Болат Назарбаев, сатирик Асқар Наймантай, Дос-Мұқасандық дауылпазшы Александр Литвинов мәңгілік мекеніне аттанса, таяуда ғана дәл сол аты аңызға айналған ансамблдің белді солисі Ақжол Мейірбеков те қайтыс болды. Жаназаға келген әріптестерінің айтуынша, Ақжол Мейірбеков өнер жолында талай жыл тынбай тер төккенімен, мемлекет әншінің қадірін біле қоймаса керек. Марқұм көзі тірісінде биліктен атақ сұрап, марапатқа қатты қызықпапты.

"Керемет қадірін білді" деп айта алмаймын. Бірақ ол кісі ешқашан "Маған неге атақ берілмей жатыр, мені неге марапаттамай жатыр?" деген әңгіме айтпайтын. Ол кісінің мәдениеті басқаша болатын. Қаншама еңбек етсе де, ол өзінің өнерін бұлдаған жоқ. Мен сол үшін ол кісіні құрметтедім. Менің білуім бойынша, ол кісінің алған атағы сол "Құрмет" ордені ғой деймін. "Еңбек сіңірген қайраткер" атағын алды. Бірақ баяғыда алып кеткен. Сол күйі қалды. "Құрмет" орденін бізде кім алмай жатыр? Оны енді өздеріңіз білесіздер. Менің өзім "Құрмет" орденін екі жыл бұрын ғана алдым", – дейді Мақпал Жүнісова.

Әртістер демекші, осы жылы шоу-бизнес жұлдыздары да талай мәрте елді шулатты. Хайптың қақ ортасында жүргендердің көшін Төреғали Төреәлі бастап тұр. Көлік тізгіндеген әнші тәртіп сақшыларына бағынбай, біраз елді дүрліктіргені бар. Ал Қайрат Нұртас қайда жүрсе де хит қой. Бұл жолы танымал әншінің аты-жөні "Айка" деп аталатын элиталы эскорт қыздарға жиі келетін тұтынушылардың тізімінде жүр. Айка демекші, биыл Айс Мұратова деген лақап атпен танымал келіншектің де есімі жиі аталып жүр. Ол Қытайдан арзан бағада ыдыс-аяқ, түрлі жиһаз жеткізіп беретін айтып, талай қыз-келіншекті алдаған екен.  

"Осы 2023 жылдың қаңтар айында Айс Мұратова туралы жұрттардан естідім. Содан кейін Айсқа: "Сізбен жұмыс істесем, командаңызға қосылсам" деп едім, "Екі миллион теңге бересің" деді. Мен келістім. Сөйтіп бір миллион теңгені келініме, екінші миллионды ініме кредит алдырдым. Сол екі миллион теңгені Айсқа беріп, оның менеджері ретінде ватсап чатына қосылдым. Кірген күннен бастап артымда бірнеше халық бар. Сол кісілерден тапсырыс алып, бірден Айсқа салып отырдым. Барлығы 20 миллион теңге аудардым. Осы уақытқа дейін Айстан бірде-бір зат алып көрген жоқпын. Ал қазір ел мені жеп жатыр. Шымкентте жүруге мүмкіндік қалған жоқ. Тентек адам сияқты Алматыға қашып келіп жүрміз. Қанша елдің аманаты. Елдер тура мен жеп қойғандай көреді. Мені Айс бұғаттап тастаған, ешқандай хабарламаны оқымайды. Чатта сөйлесең, жаман сөздер, боқтық сөздер айтады, чаттан шығарамыз деп қорқытады. Сол чатқа екі миллион теңге беріп кірдік, қаншама адамның аманаты бар. Чаттан шығып кетпес үшін ол жерде ештеңе айта алмай отырдық. Бұл кісілерге Құдайымдай сендім. Ендігі талабым – халықтың ақшасын қайтарсын! Балаларымды тастап, дуана сияқты Алматыда жүрмін", – деп жылады Жеңісгүл Алдабекова есімді әйел. 

Қазақстанда қайғылы хабардан, адамшошырлық ақпараттан бөлек, ақжолтай жаңалықтар да қалыс қалған жоқ. Биыл спортшыларымыз жарады. Әуесқой бокстан Ташкенте өткен әлем чемпионатында төрт былғары қолғап шебері – Санжар Ташкенбай, Сабырхан Махмұд, Асланбек Шымберген және Нұрбек Оралбай алтыннан алқа тақса, осы жылы еркін күрестен Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған сенсацияға толы жетістікке жеттік. Палуанымыз Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ жуырда ғана Лас-Вегаста өткен UFC 296 турнирінде отандасымыз Шавкат Рахмонов америкалық Стивен Томпсонды уақытынан бұрын жеңген еді. Сонымен, 18 жекпе-жек, 18 жеңіс және 18 финиш!

"Жекпе-жек ойдағыдай өтті, бәрі жақсы. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Қазір мына жерде шу, ештеңе естілмей тұр", – деп Шавкат Рахмонов журналистерге қысқа жауап берді.

Ал 2023 жылы еліміз үшін ең жағымды жаңалық – биыл Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.


      

Талқылау