Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2023 жылдан бастап курьерлер мен такси жүргізушілері әлеуметтік төлеммен қамтылады

2023 жылдан бастап интернет-платформалардың иелері такси жүргізушілері мен курьерлерді барлық әлеуметтік төлем түрлерімен қамтиды. Өз міндетін орындамаған компанияларға айыппұл салынады. Алайда курьерлік және жүргізушілікпен отбасын асырап жүрген азаматтар табыстың көп пайызы әлеуметтік төлем мен сақтандыруға кетіп қала ма деп алаңдайды. Дегенмен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірінші кезекте қызметкерлердің мүддесін қорғау керегін мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұған дейін жедел жәрдем бригадасында фельдшер болып қызмет еткен Мейірхан Кәдірхан жарты жылдан бері курьерлік қызметпен айналысады. Бүгін Мейірханның жалақысы 600 мың теңге екен, бірақ жұмыс беруші тарапынан медициналық сақтандыруға төлем жасалмайды. Зейнетақы жарналары да жүрмейді екен. 

“Мен бұған дейін жедел жәрдемде қызмет еткенмін. Қазір тағамның, барлық заттың қымбаттауына байланысты осы курьерлікті таңдадым. Тезірек қабылдап, тезірек алып бару керек. Осы бойынша бізге бонус беріледі. Осыған орай бізде апаттар болуы мүмкін. Сол себепті курьерлердің сақтандырылғаны дұрыс деп ойлаймын”, – деді курьер Мейірхан Кәдірхан.

Қазір такси жүргізушілері де әлеуметтік төлеммен қамтылмаған. Сондықтан Еңбек министрлігі нарықта жүргізушілер мен курьерге жұмыс беріп отырған негізгі төрт компаниямен келіссөздер жүргізуде. Яндекс, Glovo, Wolt пен Uber компаниялары үш айдан кейін барлық қызметкерлерімен еңбек келісімшартына отыру міндеттеледі. Олай болмаған жағдайда айыппұл салынады. 

“Бұған дейін такси жүргізушілері мен курьерлермен көбіне еңбек шарты жасалмайтын. Енді жұмыс беруші азамат күніне 8 сағат істесе де, тіпті бір сағат жұмыс істесе де міндетті түрде шарт жасалады. Тағы бір енгізгелі отырған жаңалығымыз міндетті түрде медициналық сақтандыру болады. Жол апатына түскен жағдайда барлық шығынды жұмыс беруші өтеуі тиіс”, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы Жәдігер Тәшеғұлов. 

Бүгінгі таңда онлайн платформа арқылы күнделікті күнкөрісіне ақша тауып жүрген адамдар саны жарты миллионнан асып жығылады. Әрі сервистік қызмет арқылы табыс табатын қызметкерлер әлеуметтік төлемдердің болғаны дұрыс дейді. Бірақ алдағы уақытта онсызда көп пайыз алатын жұмыс беруші мұны еселеп арттырып қоя ма деп қауіптенеді. 

Талқылау