Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

20 жыл түрмеде отырған ер адам екі адамның өмірін құтқарып батырлық жасады

АҚШ-тың Техас штатында 20 жыл бойы түрмеде болып босап шыққан ер адам бір жарым айда екі адамды өлімнен аман алып қалды. Ол өмірінде болған оқиғаларға қарап өзінің өмір сүруге тұрарлық адам екенін түсінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NBC News порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: NBC News

Джейкоб Белл 1996 жылы сотталған. Ұрлық жасағаны үшін ер адам 35 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ 20 жылдан соң мерзімінен бұрын шықты. Бостандыққа шыққаннан кейін ол өмірді түбегейлі өзгертіп, жақсы адам болуға шешім қабылдаған. Белл жұмысқа орналасып, заңға бағынатын өмір салтын ұстанды. Біраз уақыттан кейін ол өзінің өмірлік жарыменкездесіп, отбасын құрып, балалы болды.

Тамыз айында Белл Ваксахачи көлінде қайықпен жүзіп бара жатып, суға батып бара жатқан қызды көреді. Ер адам суға секіріп, оны тартып алып, жағаға шығарады. Кейін 21 жастағы қызға алғашқы көмек көрсетіп, есін жидырады. Белл сол сәтте өзін батыр сезінгенін жасырмады. Бекер өмір сүріп жүрмегенін түсінген екен.

Қазан айында Белл көлік жүргізіп келе жатқанда жол апатының куәсі болады. Өзге көліктің жол жиегінен ұшып, байланыс мұнарасына соқтығысып, көз алдында өртеніп жатады. Беллдің айтуынша, сол сәтте инстинкті түрде бірден тоқтап, оқиға орнына қарай жүгірген.

Белл жүргізуші жақтағы көліктің терезесін сындырып, ішінен қарт адамды алып шыққан. Ол оны өрттен алып шығып, алғашқы көмек көрсетеді. Кейін барып қарияның жүрек соғысы мен демалуы қалпына келген.

 "Мен оған жүрек-өкпе реанимациясын жасай бастадым. Бес-он секундтан кейін мен әлсіз импульсті сездім", – деді ол. 

Кейін қария мен Белл ауруханаға жеткізілген. 72 жастағы жүргізуші қабырғасын сындырса да, аман қалды.

Белл бәрібір бұл оқиғаларды еске түсірсе әлі де қорқынышты екенін жеткізді. Сонымен қатар, ол өзінің іс-әрекетін мақтан тұтатынын алға тартты. Өйткені ол бұрын мұндай нәрсені жасай алмаған.

"Мен өмірімнің көп бөлігінде өзімді ешкім емеспін деп ойладым. Ешқашан өз-өзіме деген құрметті қалпына келтіре алмаймын деп ойладым. Алайда соңғы менің де өмірге қажетім бар екенін көрсетті", - деп мойындады Белл.

Талқылау