“Базаны бұзып кіріп, тапсырды деп белгі қойған”: Жамбыл облысында 35 адам жүргізуші куәлігін емтихансыз алған
Жамбыл облысында 35 адамға теориялық және практикалық емтиханды тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігі берілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: kolesa.kz
Жуалы аудандық сотымен "Жамбыл облысының полиция департаменті" ММ талап арызы бойынша жауапкер А.-ның жүргізуші куәлігін жарамсыз деп тану туралы азаматтық іс қаралды.
Сотпен анықталғандай 2023 жылдың қыркүйегінде 35 адамға теориялық және практикалық емтиханды тапсырусыз жүргізуші куәлігі берілгенін анықтады.
Осы факт бойынша белгісіз адам "Халыққа қызмет көрсету орталығының" базасына кіріп, 35 адам “емтихан тапсырды” деп белгі қойған. Сотта жауап алынған жауапкер емтиханды өз бетінше өте алмағанын растады, алайда оны қайта тапсырмағанын, жүргізуші куәлігін150 мың теңге төлеп сатып алғанын растады.
"Жол қозғалысы туралы" заңға сәйкес көлік құралдарын басқару құқығы емтихан тапсырған тұлғаларға беріледі.
Сот шешімімен талап қоюшының талап арызы толығымен қанағаттандырылды, жүргізуші куәлігі жарамсыз деп танылды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандағы мопедистерге жүргізуші куәлігін алуға және мопедін тіркеуге алты ай уақыт берілгені туралы жазған едік.