Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір қолымен 37 кореялық спортшыны жеңген: Армрестлингтің "атасынан" асып түскен шардаралық жігіт сайысқа қалай дайындалғанын айтты

Қыдырғали Оңғарбаев – Қазақстан армрестлинг (қол күресі) спортының жұлдызды өкілі. Әлем және Азия чемпионатының бірнеше дүркін чемпионы, Әлем Кубогінің иегері атанып, жаһанның ең мықты «ТОП-8» қол күресшісі қатарына енген. Талай мықтыны биігінен құлатқан білекті жігіт жақында Түркия Республикасында өткен East vs West турнирінде қол күресі спортының аңызы, әрі 26 дүркін әлем чемпионын жеңіп, еліміздің абыройын тағы да асқақтатты. Мығым білегінің күшімен әлемді мойындатқан батырмен Stan.kz тілшісі сұхбаттасты. 

Сұхбатқа келіскеніңіз үшін рақмет, Қыдырғали! Жеңісіңіз тағы да құтты болсын! Ең алдымен, оқырмандарға өзіңізді таныстырсаңыз.

– Мен 1994 жылы 24 қазанда Шардара ауданында дүниеге келгенмін. Қарапайым отбасыдан шыққанмын. Үйдің кенжесімін. Екі ағам, бір әпкем бар.

– Қол күресі спортына қалай келдіңіз?

– Шардара ауданында қол күресі спорты қарқынды дамығаны баршаңызға аян. Менің өмірдегі де, спорттағы да ұстазым Арман Романұлы 2001 жылы ауданымызға осы армспортты алып келді. Сол ағайыма, одан өзге де ағаларыма еліктедім. Олардың шетелден орын алып келіп, әлем төрінде көк туымызды желбіретіп, ел-жұртты қуанышқа бөлегеніне қызықтым. 13 жасымнан бастап өзімді армрестлингке арнауға шешім қабылдадым.

– Бұған дейін отбасыңызда армрестлингпен айналысқан адам болды ма?

– Отбасымда маған дейін қол күреспен кәсіби түрде айналысқан адам болмаған. Дегенмен отбасымның мүшелері мені әрдайым демеп, қолдап отырады.

– Бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желілерде бір қолыңызбен 37 кореялық спортшыны жеңгеніңіз түсірілген видео тарады. Шалғай ауданнан шыққан жас жігіттің жеңісі күллі қазақ жұртын қуантты. Әлі күнге дейін видеоны көріп жүрміз. Бұл жарыс қалай өтті?

– Иә, ол жарыс 2015 жылы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен болатын. «Үстел королі» деп аталатын турнирге қатысқан едім. Турнирдің шарты бойынша ұтқан адам үстелде тұра береді, ал қарсыластары кезекпен келеді. Осылайша, бағым мен бабым келісіп, қатарынан 37 спортшыны жеңдім. Сосын видеосы ғаламторда тарап кетті. Ел мақтанышы атанғаныма шын жүректен қуандым. Бұл көп еңбектенуге, көп жаттығу жасауға үлкен мотивация болды.

– Жуырда қол күресінің кіл мықтылары жиналған East vs West турнирінде де жеңімпаз атандыңыз. Сайысқа дайындық қалай жүрді?

– East vs West турнирі Түркияның Ыстамбұлда өтті. Бұл жарыс емес, арнайы жекпе-жек. 5 раунд күресіп, өзара мықты анықтайды. Маған атақты спортшы Джон Брзенкпен бақ сынасу туралы ұсыныс түсті. Бірден келісім бердім. Ұсыныс түскен бойда, уақыт күтпей, дайындықты бастап кеттік. 2 ай көлемінде тынымсыз жаттықтым.

– Армрестлингтің аңызы, 26 дүркін әлем чемпионы америкалық Джон Брзенкті жеңдіңіз! Өзіңіз бұл нәтижені күттіңіз бе?

– Джон Брзенкті армрестлингтің “атасы” десек те болады. Өзіңіз айтқандай, ол – әлемнің 26 дүркін чемпионы, көп қол күресшілер үрке қарайтын спортшы. Бүгінде жасы 57-ге келсе де, әлі бабында. “Мен” деген мықтыларды жеңіп жүр. Осындай тәжірибесі мол спортшымен жекпе-жеке шығатынымды естігенде қуандым. Намысымды қайрап, “жеңуім керек” деген мақсат қойдым. Ол орындалып, еліме жүзім жарық болып, абыроймен қайттым.

– Ендігі жоспарыңыз қандай? Армрестлингте сіз шықпаған шың қалды ма?

– Алда Әлем чемпионаты, Әлем Кубогі келе жатыр. Сол жарыстарға тыңғылықты дайындалып, көк туымызды тұғырдың биігінен желбіретсем деген ниетім бар. Одан бөлек әлемнің мықтыларымен кездесіп, оларды жеңуді де алдыма мақсат етіп қойып отырмын.

– Спорттан бөлек тағы немен айналысасыз? Кәсіби біліміңіз, жұмысыңыз бар ма?

– Өзім туып-өскен Шардара ауданындағы спорт мектебінде жұмыс істеймін әрі бапкермін. Қоғамдық өмірге де қолдан келгенше атсалысып келемін. Аудандық мәслихаттың депутатымын. Ауданымыздың өсіп-өркендеуі үшін қызмет ету азаматтық борышым деп білемін. Одан бөлек, отбасыма көбірек уақыт бөлуге тырысамын. Сосын футбол ойнаған қатты ұнайды.

– Армрестлингке мемлекеттен қаншалықты қолдау көрсетіледі? Көңіліңіз тола ма?

– Көңілім толады. Мемлекет біздің спортқа жақсы қолдау көрсетеді. Әсіресе, облыстан келетін көмек көп. Оқу-жаттығу жиындарына жібереді. Дәрумендерді, керек-жарақтарды уақытылы алып беріп отырады.

– Сіздің ойыңызша, еліміздегі қол күресі спортын дамыту үшін тағы қандай жұмыстар атқарылуы қажет?

– Бұл спорт елімізде қарқынды дамып келе жатыр. Қазір армлестингке қызығатын жастардың да қатары көбейді. Шүкір, ешбір елден кем емеспіз. Өзіндік қол күрес мектебіміз қалыптасты десем артық айтпағаным. Оның бір дәлелі – “Шардара армспорт” мектебі. Қаншама чемпионды жаттықтырды, Қазақстанды әлемге танытты. Алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізетінімізге кәміл сенемін.

– Спорттық мансабыңызда “бармақ тістеп” қалған кезіңіз болды ма?

– Әрине, ондай кездер болады. Спорт болған соң бірде ұтасың, бірде ұтыласың. Бір қарсыласыңа ұтылсаң, дайындықты күшейтіп, келесі жарыста ұтуға ұмтыласың.

Мысалы, 2011 жылы Алматы қаласында армрестилнгтен Әлем чемпионаты өтті. Үздік үштіктің қатарынан көріндім. Алайда бұл нәтижеге көңілім толмады. Өз елімде өткен жарыста жеңімпаз бола алмағаным үшін намыстандым. Сөйтіп, қатеммен жұмыс істеп, бір жыл тынымсыз дайындалдым. 2012 жылы Бразилияда өткен Әлем чемпионатында мақсатыма жетіп, чемпион атандым.

– Спортқа күніне қанша уақытыңызды арнайсыз? Жарыстарда ең жиі қолданатын әдісіңіз қандай?

– Аптасына 5 күн, күніне 4-5 сағаттан жаттығамын. Әдіске келсек, мен үшін ең маңыздысы – жылдамдық.

– Әрдайым ұстазыңыз Арман Романұлына ерекше құрмет көрсетесіз. Өзіңіз де шәкірт тәрбиелеп жүр екенсіз. Ізіңізді жалғаған жас буынға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Иә, Арман ағайды өте құрметтеймін, сыйлаймын. Мені спортқа әкеліп, тәрбиелеген кісі. Арман ағайдың маған берген энергиясын, ақылын, еңбегін өзімнің шәкірттеріме де жеткізуге тырысып келемін. Жастар біздің ізімізбен жүргенін қалаймын. Көп жаттығып, техникалық жағынан да, моральдық жағынан да өздерін шыңдап, алға үлкен мақсат қойғанын қалаймын. Болашақта әлемді мойындатып, Отанымыздың атақ-беделін асқақтатса деген арманым бар.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Гүлдана Қазтай

Талқылау