Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

124 мың халқы бар Рудныйда қазақ тілін насихаттауға 7 миллион теңге бөлінген

Қостанай облысындағы Рудный қаласында қазақ тілін насихаттау үшін 7 миллион теңгелік тендер ойнатылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Яндекс карта

Мемлекеттік тапсырыстар сайтында 124 мың халқы бар Рудный қаласына 2025 жылы қазақ тілін насихаттау үшін “Тіл мәртебесі – ел мәртебесі” атты мемлекеттік тапсырыс ұсынылған. Тендерге 7 миллион теңге ұсынылыпты. 

Тапсырыс беруші – Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесі.

Тендерді жеңген ұйым конференция, семинар, форумдар мен түрлі конкурстар ұйымдастыру керек. Сондай-ақ спорттық, мәдени іс-шаралар, мерекелік жиындар өтеді екен. Алайда тендер талаптарында қазақ тілін үйрету курстары туралы сөз қозғалмаған.

Өтетін шаралар:

  • "ТілQuest" ересектер арасында өтетін танымдық интеллектуалды квиз ойыны – сәуір;
  • "Үздік жарнама" кәсіпкерлер арасында өтетін жарыс – маусым;
  • "Ономастика: ізденіс және тәжірибе" ғылыми-практикалық конференциясы – шілде;
  • Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Абай Fest" фестивалі – тамыз;
  • "Абай әлемі – рухани мұра мекені" мәнерлеп оқу байқауы – қыркүйек;
  • "Алаш арысы-Міржақып" ақындар айтысы – қазан;

Жобаның қорытындысы ретінде қарашада "ТілPremia" салтанатты іс-шарасы өтеді.  



Әзірге тапсырысты кім орындайтыны белгісіз, өтінімдер қабылданып жатыр. Жеңген ұйым аталмыш іс-шараларды сәуір мен желтоқсан аралығында 9 ай өткізуге тиіс. 

Талқылау