Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

12 жасқа дейінгі балаларды үйде жалғыз қалдыруға тыйым салу: Оқу-ағарту министрлігі ұсынысқа қатысты пікір білдірді

Оқу-ағарту вице-министрі Қазақстанда 12 жасқа дейінгі балаларды үйде жалғыз қалдыруға тыйым салу туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Вице-министр Еділ Оспанның айтуынша, аталмыш ұсыныс мұқият талқылауды талап етеді.

"Бұл ұсыныс ретінде айтылды. Бала тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-ананың рөлі өте маңызды деп есептейміз. Мұны біз бірнеше рет айтқанбыз. Әрине, ата-аналар барлық уақытта балаларының жанында болуы қажет. Дегенмен, бұл ұсыныс мұқият талқылауды талап етеді. Ата-аналар қауымының да, мемлекеттік органдардың да пікірін ескеру қажет", – деді вице-министр. 



Вице-министрдің айтуынша, егер ұсыныс заң жобасы түрінде рәсімделсе, бірден талқылаулар басталады.

"Жауапкершілікке келетін болсақ, бұл қоғам мен құзырлы мемлекеттік органдардың пікірі ескеріліп, талқылау барысында белгілі болады", – деді Еділ Оспан. 

Еске салсақ, бұған дейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балаларды 12 жасқа дейін ересектердің қарауынсыз қалдыруға заңмен тыйым салуды ұсынған еді. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 04 Желтоқсан, 2024 18:29