Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

12 шілдеден бастап әкімдіктер қазақстандықтардың пәтерлерін тексере бастайды: Жаңа ереже туралы нені білу қажет

Есік қағу
Фото: istockphoto.com

2026 жылдың 12 шілдеден бастап Қазақстанда әлеуметтік осал топтарға арналған жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасына бақылау жүргізудің жаңартылған ережелері күшіне енеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әкімдіктер мемлекет төлейтін пәтерлерде азаматтардың шын мәнінде тұратынын тексеру бойынша кеңейтілген өкілеттіктерге ие болады.

Бұл мемлекеттік бағдарлама мұқтаж азаматтарға жалға берілетін тұрғын үй құнының 50%-ына дейін өтемақы алуға мүмкіндік береді. Бюджет қаражатын заңсыз алу және жалған негізде көмек тағайындау жағдайларын болдырмау үшін жаңа қатаң бақылау тетіктері енгізілуде. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен "Отбасы банк" деректердегі кез келген сәйкессіздіктерді анықтау үшін цифрлық ақпарат алмасудың бірыңғай жүйесін жолға қояды. Министрліктің бас сарапшысы Дәубек Керімбаевтың айтуынша, көмек алатын азаматтардың нақты сол мекенжайда тұратынын тексеру бұған дейін де жүргізілген, алайда енді тексерушілердің пәтерлерге баруы жүйелі әрі тұрақты сипат алады.

Әкімдіктердің басты міндеті – субсидия бөлінген пәтерде дәл сол көмекті алуға құқығы бар азаматтың тұрып жатқанын растау.

Жаңа өзгеріс қоғам белсенділері арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Қоғам белсендісі Гүлнар Омарова күшейтілген бақылау азаматтардың жеке өміріне өрескел араласу ретінде қабылдануы мүмкін екенін, әсіресе қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдар үшін бұл қосымша қысымға айналуы мүмкін екенін айтады.

Заңгерлер әкімдік қызметкерлері тұрғын үйлерге мәжбүрлі түрде кіре алмайтынын және тінту жүргізе алмайтынын айтады. Барлық тексерулер қатаң түрде заң аясында жүзеге асуы тиіс.

Айта кетейік, Қазақстанда жалға берілетін тұрғын үйге арналған мемлекеттік субсидияларды тек белгілі бір санаттағы азаматтар ғана ала алады:

  • Көпбалалы отбасылар;
  • Жетім балалар;
  • I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • Мүгедек балалары бар отбасылар.

Сонымен қатар табысқа қатысты да қатаң шектеу бар: отбасының бір мүшесіне шаққандағы орташа айлық кіріс ең төменгі күнкөріс деңгейінен (50 851 теңгеден) аспауы тиіс. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда қиын жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік көмек алу жеңілдейтіні туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 19 Мамыр, 2026 21:04