"12 күн комада жатты": Өскемендегі лагерьде 8 жастағы бала әткеншектен құлап мерт болды
“Счастливая жизнь” лагеріндегі ұзартылған күн тобында оқып жүрген 8 жастағы Арсений 11 шілде күні ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған әткеншектен құлап қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Арсенийдің әкесі қайғылы жағдайдың қалай болғанын әлеуметтік желідегі парақшасында айтып берді.
“Арсений 11 шілде күні “Счастливая жизнь” лагерінде тәрбиешінің қарауынсыз ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған әткеншекке отырған. Ол әткеншектен құлап, ауыр жарақаттар алды. Салдарынан 12 күн комада жатып, жүрегі тоқтап қалды. Балам қараусыз қалған. Әткеншек те қирап тұр, балаларға ойнауға болмайды. Лагерьді таңдағанда мұқият болыңыз, лецензиясын қараңыз, қалай жұмыс істейтінін. Балаларыңызға абай болыңыз, қараусыз қалдырмаңыз. Бұл істің қараусыз қалғанын қаламаймын. Өйткені менің ұлымның орнында басқа бала болуы мүмкін. Бұған дейін бір қыз қолын сындырған еді”, – дейді қайтыс болған баланың әкесі.
Оның айтуынша, аталмыш орталық әлеуметтік желіге жарнама беріп, балаларды қабылдап жатқан көрінеді.
“Бұл әткеншектен бірнеше бала құлап, зардап шеккенін білеміз. Әткеншек ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған, ол өте ауыр және оның жан-жағы қоршалмаған. Болған жағдайдан кейін “Счастливая жизнь” орталығы әлі жұмыс істеп тұр. Олар желіге балаларды қабылдайтыны туралы жарнама берген екен. Ертең ата-аналар прокуратураға барып шағым түсірмек. Өйткені болған жағдайға қатысты іс қозғалған жоқ. Қоғам болған оқиғаның мән-жайы мен тәрбиешілердің жауапсыздығы туралы білсін, осы орталықтың және басқа да жекеменшік орталықтардың лецензиясын тексерсін. Көптеген ата-ана бұл әткеншекті алып тастауға келіседі деп ойлаймын”, – дейді олар.