Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

100 миллион теңге пайда тапқан: Шымкентте заңсыз майнинг фермасын ұйымдастырғандар ұсталды

Қаржы мониторингі агенттігі Шымкентте заңсыз майнерлердің қылмыстық әрекетін тоқтатқанын жария етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Агенттіктің мәліметінше, бір топ адам 2023 жылғы сәуір мен 2024 жылғы ақпан аралығында жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам аса ірі мөлшерде кіріс ала отырып, криптовалюта өндіру бойынша астыртын майнинг фермасын ұйымдастырған.

“Тергеу барысында 1000-нан аса ASIC-терден (биткоин өндіру жабдығы) тұратын криптовалюта өндірге арналған майнинг фермасы, ноутбуктер, бейнетіркегіштер, флэш-тасымалдағыштар, ұялы телефондар және құжаттамалар табылып тәркіленді”, – делінген агенттік хабарламасында.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, тиісті сараптамалар тағайындалды.



Айта кетейік, бұл саладағы заңсыз қызмет елдің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, белгілі бір қауіптердің туындауына әсер етеді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстаннан импортталатын электр энергиясын Қырғызстандағы майнинг фермалары қолданатыны туралы ақпарат тарағанын жазған едік. Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі аталған ақпаратқа қатысты түсініктеме беріп, Қазақстан Қырғызстанға электр энергиясының артық сағаттарын ғана сататынын айтты.

Талқылау