Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

10 млн долларды қалай тапқанын дәлелдей алмаған қазақстандық байлығын мемлекетке өткізді

Бас прокуратураның активтерді қайтару жөнінде комитеті 10 млн доллардан астам түсініксіз байлыққа қатысты алғашқы сот актісі болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң субъектісінің активтерді иемдену көздерінің заңдылығын мониторингілеу және талдау шеңберінде онымен үлестес тұлғаларда пайда болуы түсініксіз активтері анықталды. Биыл активтерді қайтару жөніндегі комитет 10 миллион доллардан астам сомаға активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап арыз берді", – делінген прокуратураның хабарламасында.

Мәліметтерге сенсек, сот талқылауы барысында жауапкерлер өздеріне тиесілі активтерді иемдену көздерінің заңдылығын дәлелдей алмады. Бірінші сатыдағы сот активтерді қайтару жөніндегі комитеттің талаптарын толық қанағаттандырды. Сот алқасының қаулысымен жауапкерлердің апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылды.

Cот шешімін орындау шеңберінде қолма-қол ақша, қымбат зергерлік бұйымдар, сарапшылардың пікірінше түбірі Сақ дәуірінен басталатын тарихи-мәдени мұра заттары мемлекет кірісіне айналдырылды.



"Бұл жағдайда активтерді мәжбүрлеп қайтару механизмі қолданылғанына қарамастан, активтерді ерікті түрде қайтаруды ынталандыру "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заңның негізгі қағидаты болып қала береді", – деді прокуратураның баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан азаматы байлығының қайдан келгенін түсіндіре алмай 11 миллион доллар ақшасын мемлекетке қайтарғанын жаздық. Былтыр құқық қорғау, арнайы мемлекеттік және уәкілетті органдардың бірлесе істеген жұмысы аясында 1,5 триллион теңгеге жуық мүлік өткізілді.

Талқылау