Францияда хантавирус жұқтырудың алғашқы жағдайы анықталды

Францияда MV Hondius круиздік лайнерінен эвакуацияланған әйелден хантавирус анықталды. Әйелдің жағдайы елге оралғасын нашарлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Францияның денсаулық сақтау министрі Стефани Ристтің айтуынша, әйелдің хантавирусқа тапсырған ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен.
"Бұл әйел круиздік лайнерде болған. Кеше елге оралды. Түнде жағдайы нашарлап, хантавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже көрсетті", – деді министр.
Оның айтуынша, науқас қазір жұқпалы ауруларға маманданған ауруханада ем алып жатыр.
Бұл – Франциядағы хантавирус жұқтырудың алғашқы жағдайы. Билік әйелмен байланыста болған 22 адамды анықтаған.
Үкімет өкілі Мод Брежон инфекцияның таралуына жол бермеу үшін елде "барынша қатаң шаралар" қабылданып жатқанын айтты.
"Тағы да қайталап айтқым келеді. Дүрбелең туғызудың қажеті жоқ. Соңғы жылдары бастан өткерген жағдайларды ескерсек, адамдардың қорқынышын түсінемін", – деді ол.
Бұған дейін MV Hondius кемесінен түсірілген бес Франция азаматы отырған ұшақ Париж маңындағы Ле-Бурже әуежайына қонған еді. Олардың төртеуінен ПТР-тест теріс нәтиже көрсеткен.
Айта кетейік, қауіпті хантавирус індеті Аргентинадан Кабо-Вердеге бет алған Нидерландтың MV Hondius круиздік лайнерінде тіркелді.
Бұған дейін Хантавирус тіркелген круиздік лайнер Испанияның Тенерифе аралына жеткенін хабарлаған едік.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?
Оқыңыз