Журналист Лұқпан Ахмедияров Ресейдің іздеуінде болғаны үшін жүргізуші куәлігін ала алмаған: Ішкі істер министрлігі түсініктеме берді
Қазақстандық журналист Лұқпан Ахмедияров Ресейдің іздеуінде болғандықтан, жүргізуші куәлігін ала алмағанын айтты. Кейін полиция қызметкері бұл шешімнің негізсіз болғанын хабарлап, қайта өтініш беруді ұсынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бәрі неден басталды?
Журналист Астанадағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мерзімі аяқталуға жақын жүргізуші куәлігін ауыстырмақ болғанын жазды. Алайда оның айтуынша, Қазақстан азаматы болғанына қарамастан, Ресей ІІМ-нің сұрауы бойынша мемлекетаралық іздеуде жүргеніне байланысты оған мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылған.
"Бұл – Путиннің Ресейінің Қазақстанның мемлекеттік органдарының жұмысына қалай ықпал ете алатынының бір мысалы. Жүргізуші куәлігімнің мерзімі аяқталуға жақындағандықтан, оны ауыстыру үшін арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Алайда Қазақстан азаматы болсам да, Ресей ІІМ-нің сұрауы бойынша мемлекетаралық іздеуде жүргеніме байланысты Қазақстан полициясы бұл мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартты. Ресейде маған "Ресей әскері туралы жалған ақпарат тарату" бабы бойынша айып тағылған", – деді ол.
Келесі күні журналист мәселенің басқаша өрбігенін хабарлады.
“Полиция қайта өтініш беруді ұсынды”
Ахмедияровтың жазуынша, 28 тамыз күні таңертең оған полиция полковнигі телефон шалған. Ол жүргізуші куәлігін ауыстырудан бас тарту туралы шешімнің негізсіз болғанын айтып, өтінішті қайта беруді ұсынған.
“Полиция полковнигі телефон шалды (аты-жөнін есімде сақтамадым). Ол кеше жүргізуші куәлігімді ауыстырудан бас тарту негізсіз болғанын айтып, қайтадан өтініш беруді ұсынды. Оның айтуынша, Ресей тарапының сұрауы бойынша мемлекетаралық іздеуде жүргенім жүргізуші куәлігін ауыстырудан бас тартуға негіз бола алмайды. Ал өтінішімді қараған полиция қызметкері бұл мәселені дұрыс шешпеген”, – деп жазды ол.
Ахмедияров қайтадан өтініш берген. Оның сөзінше, жарты сағаттан кейін жаңа жүргізуші куәлігі дайын болғаны туралы хабарлама келген.
“Бұл жағдай мемлекеттік қызмет көрсету процесінде мәселе бар екенін көрсетеді. Менің мәселем жағдайды жария етіп, көпшіліктің пікірлерде қолдау білдіруінің арқасында ғана шешілді. Демек мәселе қолмен басқару арқылы шешілген. Мені қолдап, бұл жағдайға наразы болғандарға алғыс айтамын”, – деп жазды ол.
Министрлік не дейді?
Осы жағдайға байланысты Stan.kz тілшісі Ішкі істер министрлігіне сауал жолдап, мән-жайды сұрады.
Министрлік Ахмедияровтың Ресейдің ішкі істер органдары тарапынан 2025 жылы 25 желтоқсаннан бері іздеуде жүргенін растады.
“Жүргізуші куәлігін беру кезінде азаматтың іздеуде жүргені туралы ақпараттың бар-жоғы тексеріледі. Егер адамның іздеуде жүргені анықталса, бұл туралы мәлімет тиісті шара қабылдау үшін аумақтық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне жіберіледі. Бұл талап министрліктің 2014 жылы 2 желтоқсандағы №862 бұйрығымен бекітілген көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу, жүргізушілерді даярлау, емтихан қабылдау және жүргізуші куәлігін беру қағидаларының 104-1-тармағында қарастырылған”, – делінген жауапта.
Министрлік адамның іздеуде жүргенін анықтап, бұл ақпаратты полицияға беру жүргізуші куәлігін беруден автоматты түрде бас тартуды білдірмейтінін айтты.
“Полиция жүйеден адамның іздеуде жүргенін анықтауы мүмкін. Бірақ осының өзі азаматқа жүргізуші куәлігін бермеуге жеткілікті негіз болып саналмайды. Мемлекеттік қызмет көрсетуден тек заңнамада және тиісті қағидаларда көрсетілген нақты негіздер болған жағдайда ғана бас тартуға болады. "Жол жүрісі туралы" заң мен қолданыстағы қағидаларға сәйкес, жүргізуші куәлігін беру үшін белгіленген талаптар сақталуы керек. Ал қызмет көрсетуден бас тартудың нақты негіздері нормативтік құқықтық актілерде белгіленген”, – делінген жауапта.
Мемлекетаралық іздеу бойынша шектеу бар ма?
Сонымен бірге министрлік жауабында шетел сұрауы бойынша мемлекетаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматтарына мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты белгілі бір шектеулер қарастырылатынын айтты.
Алайда бұл мәселе министрліктің тікелей құзыретіне жатпайды екен. Министрлік оның “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының құзыретіне жататынын көрсетті.
Ал Лұқпан Ахмедияровтың жағдайында алғашқы өтініш не себепті қабылданбағаны және кейін қандай негізде қайта берілген өтініш бірден мақұлданғаны жөнінде министрлік жауабында нақты түсініктеме берілмеген.
Журналист Лұқпан Ахмедияров Ресейдің іздеуінде болғаны үшін жүргізуші куәлігін ала алмаған: Ішкі істер министрлігі түсініктеме берді
