Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүрегі кенет тоқтап, комаға түскен ер адам жаңа туған қызының арқасында есін жиған

Сэм Кинг отбасымен
Фото: This Morning

Ұлыбританияда жүрегі кенет тоқтап, комаға түскен ер адам жаңа туған қызының арқасында есін жиған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі This Morning-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Сэм Кинг есімді ер адам әйелі декретке шығар алдындағы соңғы жұмыс күнін атап өткеннен кейін үйінде кенеттен жүрек талмасына ұшыраған. Әйелі күйеуінің оғаш дыбыс шығарып, көзінің жоғары кеткенін байқап, бірден жедел жәрдем шақырады.

Диспетчердің нұсқауымен ол жүрегі тоқтаған күйеуіне алғашқы көмек көрсете бастаған. Жүктіліктің соңғы айында жүргеніне қарамастан, әйел 15 минут бойы жүрекке жанама массаж жасаған. Кейін келген дәрігерлер Сэмнің өмірі үшін тағы екі сағат күресіп, ақырында оны жасанды комаға енгізуге мәжбүр болған.

Күйеуінің жанында болу үшін әйел аурухана маңындағы қонақүйге орналасқан. Арада үш күн өткенде оның толғағы басталып, өзі де сол ауруханаға жеткізілген.

Осы уақытта дәрігерлер Сэмге берілетін тыныштандырғыш дәрілердің мөлшерін азайта бастаған. Ол көзін ашып жатқанымен, еш қимылсыз болғандықтан, миының қаншалықты қалыпты жұмыс істеп тұрғаны белгісіз еді.

Бәрі жаңа туған қызын әкесінің жанына алып келген сәтте өзгерген. Сәбиді көрген Сэмнің көзінен жас шыққан. Дәрігерлер мұны оның айналада болып жатқан жағдайға алғаш рет саналы түрде жауап беруі деп бағалаған.

Осы сәттен кейін ер адамның жағдайы біртіндеп жақсара бастаған.

Ұзақ реанимация кезінде Сэмнің бірнеше қабырғасы сынған. Кейін оған жүрек ырғағын бақылап, қажет болған жағдайда электр импульсін беретін дефибриллятор орнатылған.

Қазір ол ауруханадан шыққан, тіпті спортпен де айналыса бастаған. Дегенмен жүрегінің не себепті кенет тоқтағанын анықтау үшін әлі де кардиомонитор тағып жүр.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 17 Тамыз, 2026 20:51