Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арнайы әлеуметтік төлем беріледі: Еңбек министрі түсіндірді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қарағандыда кеншілермен кездесу өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ortcom.kz/Светлана Жақыпова

Кездесу барысында министр 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем тағайындаудың негізгі тәсілдері туралы айтты. Министр арнайы әлеуметтік төлем ала алатын жұмыскерлердің саны жыл сайын көбейіп отыратынын жеткізді.

Арнайы әлеуметтік төлемді енгізуді көздейтін заңнамаға түзетулер топтамасы президент жолдауы негізінде әзірленген. Мәжіліс тиісті заң жобасын қабылданып, сенаттың қарауына жолданды.

"Арнайы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттары мынадай: 55 жасқа толу және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы. Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік жәрдемақы; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен. Бұдан басқа, жұмыскерлерге БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу құқығы беріледі", – деді Светлана Жақыпова.

Министрдің айтуынша, арнайы әлеуметтік төлемді 19 салада, оның ішінде тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібінде және басқаларында жұмыс істейтін қазақстандықтар ала алады.

Министр бұл төлемнің зейнеткерлік жасқа дейін төленетінін атап өтті. Арнайы әлеуметтік төлемдерді алу барысында азамат зиянды жұмыстармен айналыспауы тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнайы әлеуметтік төлемді ала алады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері бойынша арнайы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер, 2025 жылы – 42 мыңнан астам, 2026 жылы – 47 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Осылайша, әлеуметтік төлем алушылар саны жыл сайын ұлғайып отырмақ. 

Талқылау