“Жұмыстар 65 пайызға орындалды”. Балқашта үшінші күн ауыз су жоқ
Балқаш тұрғындары үшінші күн болды ауыз сусыз отыр. Әкімдік ақауды жөндеуге толассыз келген су кедергі келтіріп жатқанын айтуда деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Видеодан кадр
Әкімдік мәліметіне сүйенсек, бас магистралды құбырдағы ақау әлі жөнделмеген. Іргелес құбыр ысырмасы жарылуына байланысты оны ауыстыру жұмыстары қиынға соғуда. Басты себеп – тоқтаусыз келіп жатқан су.
“Магистральдық құбырдан диаметрі 400 мм су төгетін құбырға клапан бөлшектелді. Камерадан суды айдау жұмыстары жалғасуда, себебі су әлі келіп жатыр. Қазіргі уақытта диаметрі 400 мм су төгетін құбырды бітеу жұмыстары басталды, сонымен қатар камерадан суды сору жұмыстары жүргізілуде. Келіп жатқан су ақауды қалпына келтіру жұмыстарына кедергі келтіруде”, - делінген әкімдік ақпаратында.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта ауыз су мәселесіне байланысты жұмыстың тек 65 пайызы орындалған. Толық салдарды жою аяқталғаннан кейін гидравликалық соққыны болдырмау үшін магистральдық және орамішілік су желілерін кезең-кезеңімен толтыру басталады. Әзірге қала тұрғындарына ауыз су қашан берілетіні белгісіз.
Еске салайық, бұған дейін Балқаш тұрғындары 2 күннен бері сусыз отырғанын жазған едік.