Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалақысы кешіктіріліп немесе мүлдем төленбеген азаматтар кімге шағымдана алады? Еңбек инспекторы ең маңызды сұрақтарға жауап берді

Жұмыс барысында қысымға ұшырасаңыз немесе жұмыс беруші жалақыңызды беруден бас тартса, қайда арыздануға болады? Қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек даулары қалай шешіледі? Бұл сұрақтарды Stan.kz тілшісі еңбек инспекторы Ануар Төлеуғалиден сұрап білді. 

инспекторАзаматтар еңбек инспекторының көмегіне қандай жағдайда жүгіне алады?

Маманның сөзіне сүйенсек, Еңбек инспекциясында жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы Еңбек кодексіне сәйкес реттелетін мәселелер қаралады. Сонымен қатар инспекция прокуратура сынды органдармен бірлесе отырып, бақылау жүргізеді.

“Еңбек кодексі "Еңбек қатынастары" және "Еңбек қауіпсіздігі" деп екіге бөлінеді. Сәйкесінше, бірінші бөлім еңбек қатынастарына байланысты өтініштерді қарайды, ал екінші бөлім қауіпсіздік сақталмауына байланысты жағдайларды да тергейді. 

Жұмысшылар бізге заңсыз қызметтен қуу, жалақыны өз уақытында төлемеу, еңбек демалысын уақытылы ұсынбау, жұмыс уақытын сақтамау, яғни жазбаша келісімсіз жұмыскерден көбірек жұмыс істеуін талап ету, себепсіз тәртіп жазасын тағайындау сынды мәселелермен жүгіне алады. Еңбек инспекторлары осы мәселелерді қарап, тексереді”, – деді Ануар Төлеуғали.

Бұған қоса ол әрбір іс жеке тексеріліп, тергеу жүргізілетінін сөз етті. 

“Түрлі жанжал болуы мүмкін. Мәселен, шартта көрсетілмеген міндеттерді жүктеу немесе жұмыскердің құқығын бұзу, жалақыны төлемеу және т.б. жағдайлар жиі орын алып жатады. Мен еңбек қызметімен байланысты қайғылы оқиғаларды тергейтін бөлімде жұмыс істеймін. Егер кеңседе, құрылыс алаңында, жұмыс барысында қайғылы оқиға орын алса, тергеу жүргізіліп, істің мән-жайы анықталады. Жұмыс берушінің өз міндетін қаншалықты дұрыс атқарғаны сарапталады. Қайғылы оқиғаға кімнің кінәлі екенін тексереміз”, – деп қосты еңбек инспекторы.

 

Азаматтар Еңбек инспекциясына қалай арыз түсіре алады?

Инспектордың сөзінше, кез келген азамат өзі тұратын қаладағы Еңбек инспекциясына барып, шағым түсіре алады. Егер азаматтың инспекцияға баруға мүмкіндігі болмаса, арызды онлайн түрде жолдай алады.

“Әрине, барлығында қалаға немесе облыс орталығына баратын мүмкіндік бола бермейді. Бұл үшін eotinish.kz порталы бар. Мұнда азаматтар тек қана Еңбек инспекциясына емес, барлық мемлекеттік органдарға арыз жолдай алады. Электронды цифрлы қолтаңбаның болуы жеткілікті”, – дейді Ануар Төлеуғали. 

 

Еңбек мәселесі бойынша түскен арыз қанша уақыт қаралады?

Тұрғындардан келіп түскен кез келген өтініш заң бойынша 20 күн ішінде қаралады. Бұдан бөлек тергеу басталмас бұрын жұмыс берушіге мәселені өз араларында шешуге уақыт беріледі.

“Мәселе өзара шешілмесе, инспекция тергеу бастайды. Мән-жайды анықтау және нақты шешім қабылдау мерзімі мәселенің ауқымдылығына байланысты әртүрлі. Бірі тез шешілсе, келесісі бірнеше айға созылады. Сондықтан нақты бір мерзімді айту қиын”, – дейді Ануар Төлеуғали. 

 

Келісімшарт жасалмаған жағдайда азаматтың құқығы қалай қорғалады? 

Маман келісімшарт мүлде жасалмаса, жұмысшының сөзін растайтын басқа да дәлелдердің қаралатынын айтады. Дегенмен бұл үрдіс ұзаққа созылып кетуі мүмкін.

“Бейне бақылау камерасындағы жазбалар немесе оның сөзін басқа жұмысшының растауы есепке алынады. Алайда бұл тек сот арқылы шешіледі және бұған ұзақ уақыт қажет. Өйткені керекті құжаттар мен дәлелдер жиналады. Тіпті мессенджерде жазылған хабарламаларды жұмысшы дәлел ретінде қолдана алады. Есте сақтау керек жайт: іс сотқа жеткенімен, барлық жағдайда қызметкер жеңе бермейді”, – деп қосты инспектор.

 

Шалғай аймақта тұратын азаматтардың ісін кім қарайды? 

Ануар Төлеуғали елді мекендерде даулы істер  жабулы қазан күйінде қалмауы керектігін алға тартады. Бұл үшін еңбек дауына тап болған азаматтар міндетті түрде облыстық Еңбек инспекциясына жүгінуі керек. 

“Кез келген ауыл белгілі облысқа қарайды. Сондықтан шалғай аймақта еңбек мәселесі туындаса, облыстық еңбек инспекциясына шағымдана алады. Әрбір қазақстандық әр уақытта өз құқығын қорғай алуы керек”, – дейді Ануар Төлеуғали.

 

Әрбір қазақтандық жұмысқа орналасар кезде нені ескеруі қажет?

Маман қазіргі уақытта жұмыскерге тиісті жалақыны төлемеу үлкен мәселе болып отырғанын сөз етті. Мұның басты себебі – келісімшарт жасамау. Жұмысшылар қызметке орналасар кезде еңбек келісімін жасауды талап етпейді, бұл келешекте үлкен мәселеге әкеп соғуы мүмкін дейді ол. 

“Жаңа ұйымға еш кедергісіз, келісімшартқа қол қоймай, орналастыңыз делік. Бірақ жұмыс беруші екеуіңіздің араңызда келіспеушіліктер туындаса, ол ешқандай жазбаша бұйрықсыз, жалақы төлемей, жұмыстан шығара салады. Амалы таусылған азамат біздің көмегімізге жүгінеді. Өздерінің белгілі уақыт аралығында жұмыс істегендерін айтады. Тексере келе келісімшарттың мүлде жасалмағаны анықталады. Бұл – жұмысшының да, жұмыс берушінің де кінәсі. Жұмыс беруші осылайша салықтан жалтаруға тырысады. Ал жұмысшы өз құқығын аяқ асты етеді”, – дейді Ануар Төлеуғали.

Мұның арты еңбек дауына ұласады, дейді инспектор. Маманның сөзінше, мұндай жағдайда жұмыс беруші қызметкерге қанша қаражат қарыз екенін дәлелдеу қиынға соғады. 

“Келісімшарт болмаса, нақты жалақы мөлшерін қайдан білеміз? Заң тұрғысынан бекітілмегендіктен, жұмыс беруші ең төменгі жалақыға келіскенбіз деуі мүмкін. Мұндай жағдайлар да болған. Қазір төменгі жалақы мөлшері 50 000 теңге. Бастапқыда 200-300 мың теңгеге келіскенімен, қызметкер мұны дәлелдей алмайды. Соңында жұмыс беруші тек 50 000 теңге ғана төлейді. Сондықтан кез келген қазақстандық қызметке орналасар кезде жұмыс берушіден келісімшартқа отыруды талап етуі тиіс. Құжатта жалақы мөлшері міндетті түрде көрсетілуі қажет. Өйткені жұмыс берушінің келешекте салықтан жалтармайтынына, жалақыны уақытылы төлейтініне кім кепіл? Әйткен жағдайда еңбек дауында оның айтқанын дәлелдеу мүмкін болмайды”, – деп түсіндірді ол. 

Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту ҚР Үкіметі мен біздің министрліктің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендер саны 12,5%-ға (1678-ден 1467 адамға дейін), қаза болғандар саны 16,2%-ға (244-тен 200 адамға дейін) азайды. 2021 жылы еліміз бойынша 681 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 167 млрд теңгеден астам сомаға түрлі өтемақы алды, бұл 2020 жылға қарағанда 19%-ға артық. Бұзушылықтардың алдын алу және оларға жол бермеу мақсатында 2 800 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. Кәсіпорындарда 16 мыңнан астам өндірістік кеңестер құрылды және жұмыс істейді, олардың міндеттеріне еңбекті қорғау жөніндегі 21 мыңнан астам техникалық инспекторлардың қатысуымен жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын тексеруді ұйымдастыру кіреді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп "Халықтық бақылау" әлеуметтік маңызды жобасы енгізілуде. Ол мүмкіндігі шектеулі адамдарды "халықтық бақылаушылар" ретінде тартуды көздейді. Бүгінгі таңда 164 кәсіпорын осы жобаны жүзеге асыруда, оның аясында 500-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ Еңбек ресурстары порталында (hr.enbek.kz) 2021 жылы 1 желтоқсаннан бастап "Онлайн еңбек консультанты" функционалы іске қосылды, ол жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін өзін-өзі тексеруден өтуін көздейді.

Осылайша жұмыс беруші осы еңбек инспекторын алмастыратын қызметке жүгіне алады және интерактивті режимде жоспарланған немесе жасалған рәсімдердің дұрыстығын тексереді. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, жұмыс берушіге оларды жою мақсатында қабылдануы тиіс ұсынымдар мен нақты іс-қимылдар ұсынылатын болады.

Бүгінгі таңда өзін-өзі тексеруден 4 мыңнан астам адам өтті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша заң бұзушылықтарға жол берген 56 лауазымды тұлға қызметінен босатылды, мемлекеттік еңбек инспекторларының еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша құқық қорғау органдарына 1088 материал жіберіліп, олар бойынша 127 қылмыстық іс қозғалды. 

Талқылау