Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Биылғы қыс солтүстік аймақтарда қатты болады": Белгілі жұлдыз-жорамалшы қазақстандықтарды қандай қыс күтіп тұрғанын айтты

2020 жыл адамзат тарихында ерекше жыл ретінде есте қалары сөзсіз. Жыл басынан бері адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған өзгерістер мен жаңалықтарға тап келіп жатыр. Ауа райы да өз кезегінде тосынсыйларға толы болды. Stan.kz тілшісі ауа райын есептеуші, тарихшы-этнограф Болат Бопайдан алдағы қыстың қалай болатынын сұрады. 

болат бопай

Ұшқан құс, жүгірген аң мен табиғат тылсымдарына қарап ауа райына болжам жасайтын Болат Бопай алдағы қыстың қалай болатынын айтты. Есепші өзінің болжамына сай алдағы қыста қалың қар түсетінін ескертеді. 

"Қазақтың байырғы ұстанған есебі бойынша тышқан жылдың қысы басталды. Қарашаның ортасынан асып, Хаус дейтін амал шықты. Енді қар жауып, боран болады. 19-25 қарашада Боқырау амалы кіреді. Осы кезде солтүстік аймақтарда қарлы боран болады, ал оңтүстік аймақтарда керісінше күн жылы болуы мүмкін.

Желтоқсан айының 9-15 күндері Ахраб амалы кіреді. Онда да күн суытып, қарлы боран күтіледі. 20-25 күндері Сірне дейтін амал кіріп, күн суытпаса да қалың қар түседі, көк тайғақ болады. Солтүстік аймақтардың бәрінде қар жауады.

Қаңтардың 9-15 күндері Қырықаяқ амалы кіреді. Қылаулап түскен қардың арты қалың бұрқасынға айналады. 19-20 қаңтарда Тоқырау деген амалы кіріп, боранды ауа райы күтіледі.  

Ақпанның 19-25 күндері Ақпан деген амал кіреді. Осы кезде күн қатты суық болады. Жалпы алғанда биыл қар қалың түседі. Өйткені ақпан ақырып кіреді, қарлы боранды шақырып кіреді деген сөз бар. Биылғы қыс солтүстік аймақтарда қатты, оңтүстікте қалыпты болады", - дейді есепші.

Болат Бопайдың айтуынша, 2021-де көктем кеш шығады. Өйткені жұлдыздардың орналасу реті соны көрсетіп тұр.

"Ендігі жылы көктем кешігіп шығады. Өйткені босағалық жұлдыздың арасы алыс тұр. Биыл қыс кешігіп кірді, көктем де ұзаққа созылып келетіні содан. 21 наурызда күн мен түн теңелгенімен, ары қарай да салқын болады", - дейді ол.

Тарихшы-этнограф, жұлдызшы Болат Бопайдың айтуынша, қыстың қылынан өту үшін ертерек қамданған дұрыс. Мал-жанға қора-қопсық дайындап, жем-шөпті жеткілікті етіп алып қоюды ескертеді.

Жуырда отандық танымал жұлдызшы-көріпкел Нұрғабыл Қозыбай "енді 50 жылдан кейін Шымкентте мүлде қар жаумайды" деп болжам айтқан еді. Осы пікірге байланысты Болат Бопайдың айтары бар. 



"Ауа райын болжайтындар, қазақ есепшілері алдағы бір ғасырда немесе 50 жылдан кейін не болатынын айтпайды. Күндегісін күнге, аптадағысын аптасына, жылдағысын жылда кірген амалға, ұшқан құсқа, жүгірген аңға, аққан суға, батқан күнге, атқан таңға, аймаңдай ару түндердің, мақпал күндерге қарап ауа райын болжаған. Ол кісі жұлдызшылығына қарағанда көріпкелдігі басым шығар. Бірақ ешқандай астролог алдын ала не болатынын айта алмайды. Ауа райын есептеп айтатындарды қазақта есепші деген. Бұрында 24 амалына, 13 тоғысына, 7 күнге, 4 тоқсанға қарап отырып, табиғаттағы жан-жануарлардың қимыл-қозғалысынан күн райын бақылап, болжай алған. Бәленбай жылдан кейін жер құрғайды екен, су тартылады екен, қар жаумайды екен, боран соқпайды деген шындыққа саймайтын нәрсе. Бәрін бір Алла біледі", - деп аяқтады сөзін Болат Бопай.  

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау