Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Журналистерге артылар жүк жеңіл емес": Аида Балаева БАҚ қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтады

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұқаралық ақпараттық құралдар қызметкерлерін құттықтай отырып, журналистика саласының қоғам өміріндегі маңызы пен жауапкершілігі өте жоғары екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

"Құрметті әріптестер! Қадірлі достар! Барша БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын! Жаһандық өзгерістерге толы жаңа дәуір ақпарат саласын да жаңа арнаға бұрды. Ақпараттық технологиялардың әсерінен қоғамдық процестер, коммуникациялық жүйе транцформацияға түсті. Ақпараттық кеңістіктегі мылтықсыз майданда журналистер қауымының қоғамдағы рөлі орасан зор. БАҚ өкілдері мемлекет пен қоғамды байланыстырушы алтын көпірге айналып, Қазақстанның жаңа тарихын жазып жатыр десем, артық айтқандық емес", – деді министр.

"Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты" деген сөз бекер айтылмаса керек, дейді Аида Балаева.

"Кеше мемлекет басшысы журналистерді марапаттау салтанатында ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру бізді ортақ мақсат-мұратқа біріктіретінін тілге тиек етті. Аз жылдың ішінде қоғам мен мемлекет күрделі өзгерістерді бастан кешірді. Бүгінде біз демократия мен дамуға бағытталған мүлде басқа құндылықтар жүйесінде өмір сүріп жатырмыз", – деді ол.

Мәдениет және ақпарат министрі журналистердің міндеті жүріп жатқан процестерді ақпаратқа айналдыру ғана емес екенін айтты.

"Жаңалықтардың жаршысы болып, халықты ақпараттандыру арқылы жүзеге асып жатқан реформалардың мәні мен маңызын, түпкі мақсатын түсіндіріп, объективті қоғамдық пікір қалыптастыруға сеп болу. Яғни, журналистер қайнаған өмірдің қақ ортасында жүріп, халыққа жан-жақты тексерілген, шынайы ақпарат тарату – басты міндет.
Қай кезде де журналистерге артылар жүк жеңіл емес. Оның ішінде әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық мәдениетті, азаматтық сана мен дәстүрлі мәдени құндылықтарды қалыптастыру, басқа да өзекті мәселелерді түсіндіру де кіреді", – деді Аида Балаева.



Аида Балаеваның пікірінше, журналистиканың қоғам өміріндегі маңызы пен жауапкершілігі өте жоғары.

"Барша әріптестеріме қызығы мен қиындығы мол қызмет жолында еселі еңбек етіп жүргені үшін тағы да алғыс айтамын.  Баршаңызға шығармашылық табыс, сарқылмас күш-жігер мен жемісті жұмыс тілеймін! Төл мереке құтты болсын!", – деп түйіндеді Аида Балаева.

Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары қоғам санасын жаңғыртып, ұлт тұтастығын нығайту жолында айрықша рөл атқаратынын айтты. Баспасөз саласын дамыту, сондай-ақ журналистердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі деді президент.

Талқылау