Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әкімдіктің алдына бір көлік нәжіс төкпек: Алматыда кәріз қалдығын таситын жүргізіушілер жұмыссыз қалған

Алматыда кәріз қалдығын таситын жүзге жуық жүргізушінің бір айдан бері жұмысы тоқтап тұр. Өйткені, Наурызбай ауданындағы жалғыз бекет жабылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп хабарлайды. 

септик

Септик сорумен нәпәқасын табатындардың бір айдан бері қолы байланып отыр. Наурызбай ауданындағы бекет сот шешімімен жабылған. Екі ортада жүргізушілер қол қусырып қалды.

"Адамдар, клиенттердің бәрі келмейді деп, ренжіп жатыр. Біз қай жаққа келеміз? Оның бәрін қай жаққа төгеміз? Әкім Бақытжан Сағынтаевқа өтініш, барлық халықтың атынан, ассенизатор төгетін жерді Қалқамандағы, Алтын бесіктегі, бізге ашып берсін", - дейді көлік жүргізушісі Шәмшиддин Кенжебеков.

Жүргізушілердің сөзіне сенсек, бекеттің жұмыс істеуіне кедергі болып отырған жайттар бар көрінеді. 

"Ойдың бәрі бір жерде, біреу кедергі болып отыр. Бұрынғы істеген жігіттер ақшаның бәрін жеді, кетті. Әкімдіктен шықты ма, экологтардан шығып отыр ма, кім білсін. Бұл жерде ешқандай иіс жоқ, бұл турасынан төгіліп жатыр, ішінде аппарат тұр ғой", - дейді жүргізуші Сейілбек Сапаш.

Жүргізушілерге бекеттің не үшін жабылғаны туралы да жөнді түсініктеме берілмеген. Қаланың тең жарты ассенизаторы ішіндегісін төгетін бекет соңғы бір айдан бері жабық. Қожайындары негізгі құрылғының бәрін алып кеткен. Амалсыз, көліктердің бәрі жұмыссыз қаңтарылып тұр.

Әкімдік балама ретінде Қапшағай жаққа жөнелуге жөн сілтеген. Бірақ қашықтық пен кептелістің кесірінен ол жаққа бару – қып-қызыл шығынға бату. Кейбір жүргізушілер "қалдықты құдыққа төгеміз" деп, айыппұл арқалап үлгеріпті.

"Құзырлы мекемелерге хаттарын жолдаймыз. Қарастырамыз. Солардың заңға сәйкес нормативтеріне қарай жауабын алып, арыз берушіге қайта жауабын береміз", - дейді Наурызбай ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Өркен Қодаров.

Әкімдік ертең бекет басына жауапты мекемелердің басын қосуға сөз берді. Жүргізушілер "құр жиыннан еш қайыр болмаса, онда қалалық әкімдік алдына нәжіс толы көлікпен барып, сонда төгеміз" деп тарқасты.

Талқылау