Жүргізуші мен жолаушылар тірідей өртеніп кеткен: Түркістан облысындағы жол апатына қатысты сот үкімі шықты
Түркістан облысы Бәйдібек аудандық сотында төрт адам тірідей өртеніп кеткен жол апатына себепкер болған жүргізушіге қатысты үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
2023 жылдың 18 тамызында Түркістан облысы Бәйдібек ауданы аумағынан өтетін Ұланбел-Созақ-Шаян-Екпінді тас жолының 316-шақырымында жол-көлік оқиғасы болды. Сағат 23:30 шамасында Nissan Pathfinder көлігінің жүргізушісі Шымкент бағытында келе жатып, қарсы бағытқа шығып кетіп, Шаян ауылына қарай бет алған Mercedes-Benz 200 көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Қатты соққыдан Mercedes-Benz 200 шұңқырға құлап кетіп, артынша өртенген болатын. Жүргізуші және үш жолаушы да көліктен шыға алмаған.
Адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында екінші жүрізушінің кінәсі анықталып, зардап шеккендердің жеке тұлғалары анықталды. Күдікті Nissan Pathfinder көлігін басқарған Созақ ауданы, Қызымщек ауылының 44 жастағы тұрғыны Александр Любимов болды. Күдікті жол апатынан зардап шекпеген.
Александр Любимовты "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу" бойынша жол-көлік оқиғасын жасады және төрт адамның өліміне кінәлі деп танылды. Бәйдібек аудандық сот оны жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан және бес жылға бас бостандығынан айырды.
Сонымен қатар, жәбірленушілердің отбасылары сотталушыға материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап қоюға құқылы.