Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жолдасым қазақшылыққа салынды: Айнұр Ілиясова ашық суреттеріне деген күйеуінің көзқарасы жайлы

Соңғы кездері Айнұр Ілиясованың қызымен жасаған фотосессиялары ел аузында жүр. Бірі «о, бомба» десе, өзгесе «ұят емес пе?!» деп бетін шымшып жатыр. Ал, актрисаның бұл фотосуреттері туралы өз ойын Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі сұрап білді.

Айнұр Ілиясова

Фото: Айнұр Мұсағұлова

– Айнұр, әңгімені продюсерлік жұмыстан бастайықшы. Кімнің идеясы болды? Жұмыс қалай жүруде?  Әншіні хит қылу үшін қыруар ақша қажет. Демеушілеріңіз бар ма?

– Мерей Зейнеш деген өзімнің жерлесім. Өскеменнің тумасы. Екеуміз бірнеше рет ортақ сахналарда кездесіп жүрдік. Өнеріне тәнтімін. Сондықтан, апайы ретінде көмек беріп, қолдау көрсетуді жөн санадым. Мен өзімді продюсермін деп кеудемді соғудана аулақпын. Тек әпкелік адамгершілік қолдауым ғана деп біліңіздер. Сіз сұрап отырған демеуші бізде жоқ. Мерей екеуміз қолымыздан келгенше бюджетімізді ары санап, бері санап жасап жатырмыз. Қазіргі таңда екі бейнебаян түсірдік. Бірі осы Алматыда болса, екіншісі Жапония елінде. Себебі, Мерей жұмыс бабымен сол жаққа барды. Бекер уақыт өткізбей, бейнебаян түсіруді жөн көрдік. Жуырда өздеріңіз көріп, бағасын беретін боласыздар.

– Декреттік демалыста жүрсеңіз де тынымсыз еңбек үстіндесіз. Қандай жаңалықтарыңыз бар?

– Көбіне үйде жұмыстар атқарылып жатыр. Әзірге Асқар Бейсенбиннің «Жена – не стена» деген кинокартинасы соңғы түскен фильмім болып тұр. Онымен шығармашылық тоқтап қалды деп айта алмаймын. Егер көңілге қонымды ұсыныс болса қабылдауға дайынмын. Бірақ, шыны керек сериал немесе фильмге көп уақыт жұмсау керек. Моральді түрде өзімді соған арнау керек. Ол кезде кішкентай ханшайымыма уақытым жетпей қалады. Көп жағдайда телехикаялардан сол себепті бас тартамын. Актрисалық бағыттан басқа екі үлкен жобам бар. Бірі – отбасылық жәрмеңке – фестивалі. Ол бастапқыда аналар мен балаларға арналған жәрмеңке еді. Биыл міне, шарамыз ұлғайып, ауқымды болып, облыс аймақтарында да өткізуге мүмкіндіктер алдық. Екіншісі жобамның да дүниеге келуіне қызым себепші болды. Үйде балам теледидар қарайтын жасқа жеткен кезде қазақ тіліндегі жетілдіретін мультфильмдердің  жоғын байқадым. Youtube-ті ашып қарасақ көптеген қызықты-танымдық мултфильмдер бар. Бірақ, барлығы орыс және ағылшын тілінде. Ал, қазақ тілінде өте аз, жоқтың қасы. Міне, дәл қазір осы бағытта жұмыс жасаудамын. Қазір сценарий дайын, әндер жазылды, балалар таңдалды. Енді қазір балалармен жұмыс жасап жатырмыз. Олар: вокалист, хореограф, кәсіби мамандар. Сонымен қатар анимация да болады. Мақсаты – ән, би, тақпақ арқылы көрермен балаларға көп нәрсені үйрету. Құдай қаласа бұл жобаның презентациясы күз айларына жоспарланып отыр.

Айнұр Ілиясова

– Әңгімеңізден байқағаным, актрисалық өнерден гөрі, ана ретінде балаларға арналған жоба басауға шабыттанып жүрген сияқтысыз…

– Адамның өмірінің әр сатысында бір қызығушылықтар болады. Мысалы, жастық шақтағы қызығушылық бөлек, есейген кездегі хобби мүлдем басқа болады. Ал, ана болғаннан бастап менің барлық өмірге деген көзқарасым өзгерді. Қазір баламмен бірге оның ойын, ішкі дүниесін түсіну үшін мен сол баланың деңгейінде ойлағым келеді. Хоббиіміз бен қызығушылығымыз бірдей болса деймін. Сондықтан да, осындай жобалар жасап жатырмын.

– Ендеше, сіздің шабытыңызды ашып, мотивация беретін ерке қызыңыз туралы сөз қозғайықшы. Жасы нешеде? Кімге көбірек ұқсайды?

– Қызым 1 жас 5 айда. Әкесінің тура көшірмесі. Балаларды дамытатын әртүрлі үйірмелерге барамыз. Көбіне мен оның үйде жүргенін қалаймын. Өйткені, тауға жақын Алматының жоғары бөлігінде тұрамыз. Ауа таза. Көлік аз. Және көрші ағамыз бар. Сол кісінің балаларымен ойнап, мәз болып жүреді.

– Алайда,  жұмысбасты бикеш болғандықтан көмекшіңіз бар шығар?

– Шынымды айтсам, бұрынғымен салыстырғанда мен көп қалаға қыдырып шыға қоймаймын. Көбіне үйде қызымның жанында отырып жұмыс жасағанды қалаймын. Әрине, жобалар көп болғандықтан балаға зейін мен уақыт аз болып кетеді. Бұл қателіктің орнын толтыру үшін бала күтушісін алдым. Дегенмен, баланы онымен қалдырып қойып жүре бермеймін.

– Ал, енеңіз бала тәрбиесіне қаншалықты көмектеседі?

– Әрине, бұл енемнің ең кенже немересі ғой әзірге. Әжесі ішкен асын жерге қояды. Уақыты болса еркелетіп, барлық күнін соған арнауға дайын. Бірақ, ол кісінің уақыты көп бола бермейді.

– Әрине, бала саны – Алланың ісі. Алайда, арманыңызда қанша балалы болуды қиялдайсыз?

– Құдай қаласа, кем дегенде төртеу болса деп армандаймын. Өйткені, өзім жалғыз өстім ғой. Қазақта «бір бала – жоқ бала, екі бала – жарты бала, үш бала – бір бала» дейді. Әрине, Алланың бергені болады ғой.

Жолдасым қазақшылыққа салынды: Айнұр Ілиясова ашық суреттеріне деген күйеуінің көзқарасы жайлы

– Ал, бала және отбасы деп жүріп өнер әлемінде жоғалып кетемін деп қорықпайсыз ба?

– Әрине, жастар өсіп келеді. Талантты жастар өте көп. Дегенмен, сен шынымен нағыз дарынды, шынайы харизмаң болса, мықты болсаң далада қалмайсың ғой.

– Бірақ, көзден кетсе – көңілден де кетеді. Оның үстіне қазір тек ғаламтор мен теледидарда жиі көрінсеңіз ғана ел есінде боласыз. Себебі, кино және ән әлемінде жастар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келеді.

– Иә, ол да бар. Инстаграмға қарап та түсінуге болады ғой. Бір жыл дұрыс инстаграмды қолданбаған едім, біраз қалып қойыппын. Қазір блогер мен вайнерлердің кезеңі ғой. «Ойбай, киноға түспедім. Теледидарда жоқпын» деп депрессияға түсіп жүргенім жоқ. Басында әрине, болды.  Енді ғана босанып, гормондар ойнап жатқан кезде біраз қиыншылықтар болғаны рас. Ал, қазір ондай проблемалар жоқ.

– Инстаграм деген кезде есіме бір жазбаңыз түсіп отыр. Блогерлердің бірін сынап жазып едіңіз…

– Оны өзіңіз де танисыз. Аты-жөнін айтып жарнама жасамай-ақ қояйын. Бір әріптесім сол блогерді өзінің бағдарламасына шақырған екен. Сол кезде ақша сұрапты. Оны тек сол инстаграмда адамдар ғана танитын шығар. Әйтпесе, телевизия саласында соншалықты танымал да емес. Менің де басымнан мұндай оқиғалар өтті. Өзім жасап жүрген аналар мен балаларға арналған жәрмеңкені инста-парақшаларында жарнама жасауды өтінген кезде белгілі бір көлемде гонорар сұрағандар болды.

– Және өзіңіздің парақшаңыздағы соңғы фотосессияларыңызды сынаушылар көп. Ал, жақындарыңыз қалай қабылдады? Әсіресе, отағасына қаншалықты ұнады?

– Әрине, оны ешкім керемет сурет деп мақтамайды. Көп адамдар жаман ойлап қарайды. Бірақ, ол жерде көркем сурет қой.  Негізі қол, аяқ дененің мүшесі ғой. Соншалықты ел шошитындай ұятты жерлерін ашып тұрған жоқпын. Жолдасым қазақшылыққа салынып, «ел  не дейді? жұрт не дейді? Дос бар, дұшпан бар» деді. Бірақ, ол кісі де өнерді түсінеді.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Тағы оқыңыз: 

Арсен Акиев “кәрі қызға үйленді” деп сынағандарға өлеңмен жауап берді

Шапалақпен тартып жіберемін: Арман Дүйсенов бала тәрбиесі жөнінде ағынан жарылды

Актриса Айнұр Ілиясова отбасылық міндетіне уақыт таба алмай жүр

Ажырасқаны үшін: Алтынай Жорабаева қыз ұзату мен тұсау кесуден бас тартып жүр

Талқылау