Жолаушы көлікте қалған ақшасын қайтарғаны үшін таксиске үй мен көлік алып берген
Журналист Жолымбет Мәкіш өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында қызықты жазба жариялады.
«Жақында ғана үйленген бір жігіт әйелі екеуі Алматыға келіп, қалада пәтер жалдап тұрып жатады.
Өзі жаман «девяткасымен» таксовать етіп, күнделікті ақша тауып жүреді. Келіншегін бір жерге әрең дегенде жұмысқа тұрғызады.
Бір күні жолда келе жатса, екі адам қол көтеріп, әуежайға жеткізіп тастауды өтініпті. Ұшып отырып алып келеді. Екеуі түсіп кетеді. Жүргелі жатқанда айнасына қараса, артқы орындықта жатқан дипломатты көреді. «Мыналар дипломатын ұмытып кетіпті ғой!» – деп артынан тұра жүгіреді. Әрең дегенде қуып жетіп, аузын ашып қалған әлгілердің қолына дипломатын әкеп табыстайды. Келгеннен кейін осы еңбегін ескеретіндерін айтып, екеуі қоярда-қоймай телефонын сұрап алып қалыпты.
Таксист жігіт оны ұмытып кетеді. Бір күні үйінде жатса, баяғы клиенттері қоңырау шалыпты. «Уақытың болса, кездесейік», – дейді. Сөйтсе, өткендегі дипломаттың ішінде бәленбай миллион доллардың контрактысы болыпты. Олар сонымен шетелге ұшып бара жатқан екен. Аяқ асты өздеріне жақсылық жасап, қиын жағдайдан құтқарып қалған адамға өздері де бір жақсылық жасауды ұйғарған екен. Таксист жігіттен қайда тұратынын, не жұмыс істейтінін сұрайды. «Қаладан өзіңе бір жақсы үй қара. Біз саған сол үйді алып берейік», – дейді.
Жігіт үйіне келеді де, естігенін әйеліне айтады. Сенбеген әйелі: «Мына көрші үйдегі орыс үш бөлмелі пәтерін сатқалы жатыр. Айтқың келіп бара жатса, соны айтшы», – дей салады. Кейін әлгі жігіттер дәл сол үйді келіп алып беріп, таксистке тура өзі мініп жүргендей «девятканың» су жаңасын сыйлапты».