Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жылу жоқ, электр сымдарынан ақау шығады": Қызылордада әкімдік әлеуметтік осал жандарға өткен ғасырда салынған үйлер берген

Қызылордада 15 отбасы қабырғасы жарты ғасыр бұрын қаланған сот-медициналық сараптамасының ғимаратында тұрып жатыр. Әкімдік бұл мекенді үйсіз жүрген ерекше қажеттілігі барлар мен көпбалалы және жалғызбасты жандарға уақытша берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Тұрғындар тар бөлмелерде адамның өмір сүруіне мүлдем жағдай жасалмағанын айтады. Тіпті өткен айда нысанның электр тоғы тұйықталып, 21 жастағы ерекше қажеттілігі бар қыз мерт болған.

Көпбалалы ана Ұлболсын Мырзабек әкімдік уақытша берген мекемеде бір жылдан астам уақыт тұрып жатыр. Ол қуықтай бөлмеде өмір сүру азаппен тең дейді. Өйткені жылу толық келмей, ескі ғимараттың ішкі қабырғалары көгеріп кеткен. Ал электр сымдарынан жиі ақау шығады.

“Тығылысып бір бөлмеде жатамыз. Тамақ істей алмаймыз, себебі газдың иісі шығады. Баллоннан қорқамыз. Тоқ шәйнектен 2-3 рет от шығатындай болған, содан кейін балаларым қорқады. 1-2 рет барып, уақытша баспананы басқа дұрыс жерден бересіздер ме деп сұрадым. “Ұнамаса, пәтерге шығыңдар” деді. Сосын амал жоқ отырмын”, – деді көп балалы ана Ұлболсын Мырзабек. 



70-жылдары іргетасы қаланған екі қабатты ескі ғимаратта бұрын сот-медициналық сараптамасының қызметкерлері отырған. 

Сондай-ақ ғимараттан дәретхананың иісі шығады. Баспанада қазір 15 отбасы күн кешуде. Үйі жоқ әлеуметтік осал топқа жататын көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар жандар және жалғызбасты аналар осындай мекенді паналауға мәжбүр. Шенеуніктер тұрғындарға қолдан келгенше жағдай жасап жатқанын айтты.

“Қазір қала әкімдігі тарапынан ақау актісі жасалып, қажетті материалдарды алу жұмыстары жүргізілуде. Осы жақын күндері кәріз жүйесін жөндеу жұмыстары жүргізіледі”, – деп мәлімдеді Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы Абзал Рысбек.

Тұрғындардың айтуынша, 29 желтоқсанда бір бөлмелі пәтердегі электр тоғы тұйықталып, өрт шыққан. Сыртқа дер кезінде шыға алмаған 21 жастағы ерекше қызға иіс тиіп, көз жұмған. 

Талқылау