Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мерзімі 18 рет кейінге қалдырылды": Бектенов қазақстандық ЖЭО-лардың жөндеуді кешіктіріп жатқанына наразылық білдірді

Қазақстанда жылумен жабдықтау нысандарын қысқа дайындау жұмысы уақытылы жүргізілмей жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Primeminister.kz

Әсіресе, Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында жылу желілерін жаңғыртудың төмен қарқыны байқалып жатыр. Премьер-министрдің айтуынша, елімізде инженерлік коммуникацияларды жөндеу жұмыстары республикалық бюджет қаражаты есебінен ғана жүргізіліп отыр. Олжас Бектенов бірінші вице-премьер Роман Склярға жергілікті жерлерде жылу беру кезеңіне дайындық барысын бақылауды тапсырды.

"Роман Васильевич, жалпы жергілікті жерлерде шұғыл шешімдер мен барынша қатаң шараларды қабылдаңыз. Жөндеудің сапасына ерекше назар аударуды тапсырамын", — деді үкімет басшысы.

Премьер-министр отырысқа қатысушылардың назарын жылумен жабдықтау объектілерін дайындауды сынады. Мысалы, Екібастұз Жылу орталығында жөндеу жұмыстарын бастау мерзімі мамыр айынан маусымның соңына ауыстырылған. Теміртауда 2-Жылу орталығындағы қазандықты жөндеу әлі басталмай тұр, кестеден артта қалған уақыт – 2 ай. Тараз, Жезқазған және басқа өңірлердегі жылу көздерін жаңғырту бойынша да мерзімдер кешіктірілді.

Осы жылы ғана жөндеу жұмыстарын ауыстыру бойынша кестеге 18 рет өзгеріс енгізіліп, мерзімі кешіктірілген.

"Биыл мамыр айының басында үкімет отырысында жөндеу мерзімдерін ұзартуға және олардың көлемін азайтуға болмайтынын тапсырғанмын. Алайда оператор КЕГОК бекіткен жөндеу жұмыстарының кестесін меншік иелері өз беттерінше өзгертуін доғармай отыр. Биылдың өзінде ғана жөндеу жұмыстарын ауыстыру бойынша кестеге 18 рет өзгеріс енгізілген. Оған әкімдіктер мен Энергетика министрлігінің келісімі де алынбаған. Яғни, аталған фактілер бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр", — деді үкімет басшысы.

Энергетика, өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен желілеріне жөндеу жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуіне бақылауды күшейту, барлық жылу-электр орталығы мен қазандықтарды 1 қыркүйекке дейін отынмен қамтамасыз ету тапсырылды.

15 қыркүйекке дейін орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылымның жаңа жылыту маусымына толық дайындығын қамтамасыз ету қажеттігі үкімет отырысында міндеттелді.

Биыл электр станцияларында 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінде 1 энергия блогын, 6 қазандықты және 9 турбинаны жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазір басқа нысандардағы жұмыстар әртүрлі кезеңдерде жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жылыту маусымына дайындық аясында 20,8 мың шақырымға жуық электр желісін, 423 жоғары вольтты қосалқы станцияларды әртүрлі жөндеу түрлерімен қамту жоспарланып отыр. Жылу желілерін реконструкциялау 541 км коммуникация желісін қамтиды, бүгінде дайындық деңгейі 23% болды.

Талқылау