Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жігіттер ұсқынсыз, бай қыздарға үйленеді": Алматыдағы мектептердің бірінде өткен сабақ тұрғындарды ашуландырды

Алматыдағы мектептердің бірінде өткен сабақ тұрғындардың шамына тиді. Оқушыларға көрсетілген презентацияда жігіттер көріксіз және бай қыздарға үйленетіні жайлы айтылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Nur.kz порталына сілтеме жасап. 

презентацияСурет: Nur.kz сайтынан

Мәселен, мектеп-гимназияда өткен сабақта оқушыларға “жігіттер еркін, көп қысылмайтын, жыныстық қатынаста тәжірибесі бар” қыздармен кездесетіні айтылған. Бұған қоса презентацияда бойжеткен тұрмысқа шығуы үшін “ұсқынсыз, бай, мейірімді, үй шаруасын орындай алатын, мейірімді, ақылды, салмақты” болуы керектігі көрсетіліпті. 

Желіде таралған ақпаратқа сенсек, мұндай ерекше сабақ Алматыдағы Әуезов ауданы №132 мектеп-гимназиясында өткізілген. Бұл туралы аудандық білім бөлімі пікір берді.  

"№132 мектеп-гимназиясында орын алған оқиғаға қатысты айтарым, қазір жоспар бойынша жыныстық тәрбие бойынша лекциялар өткізіліп жатыр. Жоспарда жыныстық жетілу туралы белгілі бір тарау бар. Мектеп емханамен бірлесе отырып, жыныстық тәрбие бойынша профилактикалық іс-шара өткізуді ұйғарған. Лекцияны №10 емхананың гинекологі мен психологі оқыды. Олар презентацияда қателік жіберген, себебі бұл –  қате тұжырым. Бұл тек дәрігерлердің ғана емес, мұғалімдердің де кінәсі. Олар алдын ала презентацияны көрмеген. Осы факті бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, мектеп директоры, директордың орынбасары және психологпен әңгімелестік. Директор педагогтерді жазалады. Директордың өзіне қатаң сөгіс жарияланды. Енді мұндай жайттарды бақылауда ұстаймыз", – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Зоя Қойшыбаева.

Оның айтуынша, мұндай дәрістер 12 мен 16 жас аралығындағы балаларға арналған. Ұлдар бұл лекцияға қатыспаған, олар үшін жыныстық тәрбие бойынша сабақ бөлек ұйымдастырылады. 

Талқылау