Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жезқазғанда Наурызға арналған сахнаны безендіріп жатқан ер адам биіктен құлап, жансақтау бөліміне түсті

Жезқазған қаласындағы облыстық әкімдік алдындағы алаңда Наурыз мерекесіне арналған сахнаны безендірумен айналысып жүрген ер адам биіктіктен құлап, ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілді. Төрт күн өткен соң ер адам ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скрин

"Патриот" Telegram арнасының мәліметінше, азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Ол Наурыз мейрамына арналған сахнаны безендіру жұмыстарына тартылған. Марқұмның есімі – Жанис-Лаурис Вильчинскас, 1970 жылы туған.

Ол билбордқа мерекелік плакат іліп жатқан кезде үш метрден аса биіктіктен құлап кеткен. Әріптестері дереу жедел жәрдем шақырып, 14 наурызда оны облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізді.

Дәрігерлер ер адамға "биіктіктен құлау салдарынан алған өндірістік жарақат, политравма, ашық бас сүйек-ми жарақаты, маңдай-шеке бөлігінің контузиялық-геморрагиялық зақымдануы, ми ісінуі" деген диагноз қойды.


Шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктен құлаған соң Семейге жаңа әкім тағайындалды


55 жастағы азамат жансақтау бөліміне жатқызылды. Алайда 18 наурыз күні отадан кейін көз жұмды.

"Ол өте ауыр халде жеткізілді. Екінші дәрежелі комада болды. Қайтыс болу себебі – ми ісінуі және ісіну салдарынан ми сабағының зақымдануы, өкпе артериясының тромбоэмболиясы", – деп хабарлады Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Жезқазған қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Гүлзада Шомаева кәсіпкердің қандай жұмыстарға тартылғанын айтудан бас тартты.

"Ол құлаған бойда қаза болған жоқ, біраз уақыт ауруханада жатты. Сондықтан оның өлімін алаңдағы жұмыстармен байланыстырудың қажеті жоқ. Біз оны жұмысқа тартқан жоқпыз. Ол жерде не істеп жүргенін білмеймін", – деп түсініктеме берді Гүлзада Карибекқызы Шомаева.

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. 

"Аталған факті бойынша Жезқазған қаласының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізілуде, тиісті сараптамалар тағайындалды", – деп мәлімдеді Ұлытау облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Алмаз Саламатов.

Айта кетейік, 22 желтоқсанда Семейде шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктіктен құлап зардап шеккен еді. Ол Nº49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев болып шықты. Қазір мұғалім жансақтау бөлімінде. Осы оқиғадан кейін Семейде білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылған. Ал тәртіптік жауапкершілікке мектеп директорлары тартылған.

Талқылау