Жеткізуші Павлодар облысындағы балабақшаларға азық-түлікті 300% қымбат сатқан
Жеткізуші Павлодар облысының мектепке дейінгі мекемелерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз 300% қымбат сатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Қаржы мониторингі агенттігі жүргізген тексеру барысында ЖШС-нің өңірдегі 158 балабақшаның 108-інің негізгі жеткізушісі болғаны анықталды.
Балабақшалар жасаған шарттарда өндіруші зауытынан алған бағадан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің түпкілікті тұтынушысына дейінгі баға айырмашылығы:
- Күнбағыс майы – 286% үстемақымен (453 тг/литрден 1300 тг/литрге дейін);
- Қарақұмық жармасы – 150% (240 тг/келіден 600 тг/келіге дейін);
- Қант – 93% (325 тг/келіден 630 тг/келіге дейін);
- Тауық жұмыртқасы – 79% (430 тг/онд-тан 770 тг/онд-қа дейін);
- Тұз – 66% (60 тг/келіден 100 тг/келіге дейін);
- Күріш – 36% (490 тг/келіден 670 тг/келіге дейін);
- Сары май – 22% (2075 тг/келіден 2550 тг/келіге дейін).
Қаржы мониторингі агенттігі қабылдаған шаралардың нәтижесінде аталған ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
“Жеткізуші жасаған шарттар күшін жойды. Қазір мектепке дейінгі мекемелерде ӘМАТ жеткізу шарттары қайта қаралып, жаңа келісімшарттар жасасу мәселесі қаралып жатыр. Осылайша үнемделген қаражат сомасы 30 млн теңгеден асты”, – деп мәлімдеді агенттік.
ӘМАТ тауарларына баға белгілеудің делдалдық схемаларын тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялар шеңберінде агенттік бюджеттік ұйымдарға жеткізілетін азық-түлік бағасына жүйелі түрде мониторинг жүргізіліп жатыр.