Жер сілкінісі кезінде Алматыда неліктен дыбыстық дабыл қосылмады – ТЖД жауап берді
Жер сілкінісі кезінде Алматыда неліктен дыбыстық дабылдың қосылмағаны туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, қалада 843 дыбыстық дабыл бар.
Бұл қала аумағын 100% қамтуға мүмкіндік береді.
"Дыбыстық сиреналар жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 балдан асқанда іске қосылады. Бұл жолы жер асты дүмпуінің қуаты 4 және 5 балл аралығында болды. Сондықтан дабылдарды іске қосудің мәні болмады. Олар керісінше дүрбелең туғызар еді", – деді қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы.
Еске сала кетсек, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ.